«Астана Опера» қалың жұртшылыққа Kazakh Opera Gala концертін тарту етті

Осы күзде алты алаш үшін ардақты дата бар.

Алты Алаштан ән оздырған халық композиторы Мұхит Мерәліұлының туған күні. Мұхит Мерәліұлы ел ішіндегі ду-дүрмектерде домбыра тартып, «Сал Мұхит», «Әнші Мұхит» атанған. Оның «Паң көйлек», «Қыпшақ», «Кербез» әндері сазгердің өнерінің сан-қырлы табиғатын ашады. «Қыз Жібектегі» Алуаш әні, «Ер Тарғын» операсындағы «Дүние-ай» әні осы Мұхит бабамыздыкі.

Ашық аспан астындағы жыр кеші

Аспанымның астында, өлең оқып берейін! Жайықтың жайсаң ақыны Асантемір Қаршығаұлы елордаға жаң леп әкелді. Қаламгерлер аллеясында өлең оқып, жыр кешін өткізді. Бұрын ара тұра ғимарат ішінде өтетін жыр кештерінің саябақта өтуі көреміннің де көңіл хошын туғызғаны анық. Сөйтіп қоңыр күздің алғашқы аптасында астананың аспанын жүректен шыққан жырларына бөлеген ақын поэзия сүйер қауымға ұмтылмас кеш сыйлады. Өнер иесінің елге белгілі өлеңдерін оқу үшін өңір-өңірден үзеңгілес достары мен інілері, сондай-ақ аға буын өкілдері жиылды. Асантемір Қаршығаұлы - бала кезден қолынан қаламы түспеген дарын иесі. Өрімі берік, ұлттық бояуы қанық туындаларын іздеп жүріп оқитындар көп. Ол бүгінге дейін  мыңға тарта өлең жазған. Төрт кітабы жарық көрген. Атап айтсақ, «Өзімнің аспанымның астындамын», «Тәңірге хат», «Шідерлі шер», және «Шын жыр». Лирикалық, патриорттық өлеңдері енген осы соңғы «Шын жыр» атты кітабының таныстырылымы тақауда Ұлттық музей қабырасында өтеді. 

Сағатгүл Дүйсенқызы, Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы:
-
Кейінгі кезде шыққан «Шын жыр» деген кітабы, өлеңдері керемет. Атына заты сай. Сондай өткір, заманауи, қысқа да нұсқа, тәтті де дәмді өлеңдер жазған. Біздің кітапхана әрқашан ақын-жазулырады қолдайды.

Опера жауһарлары әуеледі

«Астана Опера» қалың жұртшылыққа Kazakh Opera Gala концертін тарту етті. Осылайша ұжым 12-ші театр маусымын салтанатты түрде ашты. Отандық және әлемдік опера жауһарлары әуелеген кешке  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі дирижер Алан Бөрібаев жетекшілік етті. Музыка мерекесінде Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Евгений Брусиловский, Мұқан Төлебаев сынды атақты композиторлардың шығармалары орындалды. Сондай-ақ келушілер биыл 100 жылдығы тойланатын Сыдық Мұхамеджанов, Ғазиза Жұбанова, Базарбай Жұманиязов, Еркеғали Рахмадиевтың бірегей туындыларына қанықты. Іс-шара барысында талайды күміс көмей үнімен тамсандырған жетекші солистер мен қатар театрдың симфониялық оркестрі өнер көрсетті.

Алан Бөрібаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дирижер:
-
Біз осы кеш арқылы қазақ халқының бай музыкалық мұрасын паш еткіміз келді. Оның қайталанбас нақыштарын көрсетуді мақсат еттік. Опералық мәдениетімізді қалыптастырған ұлы тұлғаларға, оның беделін нығайтқан аға буын өкілдеріне құрметіміз шексіз. Бұл концерт – дарын иелерінің шығармашылығына тағзым.

Ульяна Лопаткина шеберлік сабағын өткізіп жатыр

Жаһандық өнер көгіндегі жарық жұлдыз. Біртуар балет бишісі. Санкт-Петербургтегі әйгілі Мариин театрының прима балеринасы Ульяна Лопаткина  Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының шақыртуымен Алматыға келді. Қазір ол шеберлік сабағын өткізіп, театр маусымының ашылуында қойылатын балеттің дайындығына атсалысып жатыр.

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 28 қыркүйек 91-ші маусымын ашады. Дәстүр бойынша «Абай» операсы және «Аққу көлі» балетін қояды. Қазір әртістер дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы жолы «Аққу көлінде» ойнайтын өнер иелеріне Ресей халық әртісі, бірнеше мәртебелі сыйлықтың лауреаты, әлемге танымал балерина Ульяна Лопаткинадан дәріс алуға мүмкіндік жасалды.

Ульяна Лопаткина, Ресей халық әртісі:
- Әрбір солистің өзіндік ерекшелігі бар. Менің мақсатым, олай емес, былай биле деп нұсқау беру емес. Қайта оны жаңа қырынан ашуға, өзінің барлық мүмкіндігін көрсетуге ықпал етіп, өзін табуға көмектессем деймін. Олардың барлығы кәсіби артистер. Үйренсем, техниканы бұдан да жақсы меңгерсем деп талаптанып тұр.

Ульяна Лопаткинаның айтуынша, «Балет паң өнердің падишасы. Бұл спорт емес. Гимнастика мен акробатикаға да жатпайды. Балет - өте нәзік өнер. Мұнда әрбір қимыл, мінез-құлық пен көңіл-күй сөйлейді». Дәл осыны талғампаз көрерменге жеткізе білу қажырлы еңбекті талап етеді.

Гүлжан Түткібаева, Қазақстанның халық әртісі:
- Театр басшылығы осындай әлемге танымал өнер иелерін шақыру туралы шешім қабылдады. Ақылдасып, Ульяна Лопаткинаға тоқтадық. Міне, бірнеше күн болды. Дайындыққа қатысып, білгенімен бөлісіп жатыр. Ол өте шығармашыл адам.
Кейіпкерлердің бейнелерімен жұмыс жасауда рөлді ерекше мұқият зерттейді. Әрбір әртістің талантын ашуға, оның сомдайтын кейіпкерінің шынайы болуы үшін барын салады.

Малика Елшібаева, театрдың жетекші балеринасы:
- Бүкіл өнесүйер қауым ол кісіні  «Әлемдік балеттегі ең үздік аққу», «Аққу көлінің ханшайымы» деп таниды. Ол өз ісінің анық маманы. Талантымен, өнерімен әлемді мойындатқан. Аққу көлінде тамаша өнер көрсеткен. Сондай өнер жұлдызынан ақыл-кеңесін тыңдау біз үшін үлкен бақыт дер едім. Бұл менің өнер жолымда үлкен сабақ болды. Ол кісіден сабақ алғаным менің өмірімдегі ең әдемі сәт болып есімде қалады.

Ульяна Лопаткина да Қазақ ұлттық опера-балет театрын жатсынған жоқ. «10 жасымнан бастап осы өнердемін. Сондықтан, кез келген  балет театрында өзімді еркін сезнемін», - дейді. Шеберлік сағаты 15 күнге жоспарланған.

Алматыда танымал ресейлік суретшілердің көрмесі ашылды

Алматыда танымал ресейлік суретшілердің көрмесі ашылды. Әбілхан Қастеев атындағы музейде Латиф Қазбековтің «Қағаз әлемдері» және Андрей Бистидің «Темір мысқал» экспозиялары қойылған. Бас-аяғы 100-ден астам сурет пен 40 мүсін келушілер назарына ұсынылды. Латиф Қазбеков өз туындыларында қарапайым қағазды шебер қолданса, Андрей Бисти шығармашылығының өзегі түрлі эксперименттерден тұрады. Қос таланттың өнер көрмесі алтыншы қазанға дейін жалғасады.