Орталық Азия жастары тәжірибе алмасады
Орталық Азия жастары Алматыда бас қосты, деп хабарлайды 24KZ.
Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстанның жастар ұйымы тәжірибе алмаспақ. Бірінші кезекте мәдениет пен білім саласында күш біріктіреді. Өскелең ұрпақтың арасындағы байланысты нығайту үшін ортақ мәдени шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Білім саласындағы тың әдістерді меңгеру үшін семинарлар өтеді. Қазақстанның «Ассамблея жастары» ұйымы көрші елдермен байланысты нығайтып келеді.
Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаевтың тамыз айында Тәжікстанға мемлекеттік сапары кезінде «Ассамблея жастары» мен Тәжікстан Жастар одағы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.
Тимур Жұмырбаев, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы:
- Біз бірінші кезекте бір арнаға жұмылып, қоғамдық байланысты арттыруымыз керек. Елдер арасындағы достықты нақты іспен жалғастыруымыз керек. Мысалы, білім беру немесе мәдениет саласында тәжірибе алмасып, жастар саясатындағы мықты мамандардың біліктілігін көтеруіміз керек.
Отабек Шавкатов, Өзбекстан жастары жаһандық ұйымының төрағасы:
- Бауырлас елдердің жастары да мәдени-ынтымақтастық байланысты дамытқаны дұрыс. Мысалы, біз Қазақстандағы Ассамблея жастарының қолдауымен өзбек диаспорасының басын қосып, мерекелік шаралар ұйымдастырып отырамыз. Өзбекстандағы қазақ диаспорасы мәдени немесе мерекелік шара ұйымдастырса қолдауға дайынбыз.