Санкт-Петербургте халықаралық біріккен мәдениеттер форумы өтіп жатыр

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында Халықаралық біріккен мәдениеттер форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Мәдени өмірдің өзекті мәселелерін, заманауи трендтерді талқылауға арналған іс-шараға қазақстандық делегацияны бастап Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева барды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы жиынға 12 мың адам қатысуда. Талқыланған тақырыптар ішінде мәдениеттің экономикаға әсері және оның ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы үлесі мәселесі қозғалды.

Аида Балаева форум аясында ресейлік әріптесі Ольга Любимовамен кездесті. Басқосуда тараптар шығармашылық мамандық өкілдері үшін біліктілікті арттыру бойынша бірлескен курстар, креативті индустрияда ынтымақтастықты дамыту мақсатында бірыңғай жоспарды жүзеге асыру жағын талқылады. Кездесудің басты тақырыптарының бірі Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге қатысты келісімдерді талқылау болды. Бұл туралы Мемлекет басшысы ІІІ Ұлттық Құрылтайда айтқан. Президент соғыс қаһармандарын есте сақтау мен тарихи әділеттілікті қалпына келтіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізудің маңыздылығына тоқтала келе, дайындықты бастауды тапсырған еді. Министрлер осы бағыттағы жүйелі жұмысты белгіледі. Кездесуде тараптар сондай-ақ, екі елдің театр мекемелері арасындағы ынтымақтастықты дамыту, бейнелеу өнері мен анимация саласындағы байланыстарды кеңейту мәселелерін қозғады. Қазақстан мен Ресей жұртшылығының ұлттық киноға деген қызығушылығының артып келе жатқанын атап өтті.

Валерий Күзембаев, «Astana Ballet» директорының орынбасары:

- Бізде өте қызықты репертуарларымыз бар. Қойылымдарымызға әлемдік балет өнерінің жұлдыздары қатысады. Біз ынтымақтастыққа дайынбыз. Солистермен алмасуды жоспарлап отырмыз. Біздің спектакльдерде Ресейдің танымал әртістері өнер көрсетеді.

Айбек Сыдықов, ҚР Ұлттық мұражайы директорының міндеттерін атқарушы:

- Ресеймен, Жапониямен, Түркиямен және Қытаймен бірлескен жобаларымыз туралы айттық. Ол жерде бізде ғылыми бағыттағы жұмыстарымыз. Соңғы жылдары ұттық музей археологиялық этнографиялық экспедиция сияқты жүзеге асырып отыр. Бұл бір жағынан жаңадан табылған есерткіштерді тізімін нақтыласа, екінші жағынан музейдің қорын толықтырып отыр. Бұл жобаның біз үшін маңызы зор.