А.Балаева Ресеймен мәдени саладағы өзара іс-қимылдың қарқынды дамып жатқанын атап өтті
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастаған қазақстандық делегация Санкт-Петербургте өтіп жатқан мерейтойлық X Біріккен мәдениеттер форумына қатысуда, деп хабарлайды 24kz.
Бүгінгі іс-шара аясында Ресей Мәдениет министрінің шетелдік делегация басшыларымен кездесуі өтті.
Дана Нұржан, тілші:
- Біріккен мәдениеттер форумы – мәдени өмірдің өзекті мәселелерін, заманауи трендтерін талқылауға арналған алаң. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл оған екі мың адам қатысты. Қозғалған тақырыптар ішінде мәдениеттің экономикаға әсері және оның ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы үлесіне де назар аударылды.
Мәдениет және ақпарат министрі бастаған қазақстандық делегация Ресей Мәдениет министрінің шетелдік делегациялармен кездесуіне қатысты. Аида Балаева отбасылық және дәстүрлі құндылықтарды насихаттау мақсатында бірлескен мәдени шараларды жоспарлауды ұсынды. Сондай-ақ форум шеңберінде ресейлік әріптесімен екіжақты кездесу өткізіп, елдер арасындағы ынтымақтастық, оның ішінде мәдени саладағы өзара іс-қимыл жемісті әрі жыл өткен сайын қарқынды дамып жатқанын атап өтті. Бүгінде Қазақстанның шығармашылық ұжымдары Ресейдегі ірі жобаларға, байқаулар мен фестивальдерге тұрақты түрде қатысып жүр. Жыл соңына дейін Мәскеуде «Астана Опера» театрының гастрольдік сапарларын, сондай-ақ бірқатар ресейлік театрлардың елімізге гастрольдерін ұйымдастыру жоспарда бар.
Валерий Күзембаев, «Astana Ballet» директорының орынбасары:
- Бізде өте қызықты репертуарларымыз бар. Қойылымдарымызға әлемдік балет өнерінің жұлдыздары қатысады. Біз ынтымақтастыққа дайынбыз. Солистермен алмасуды жоспарлап отырмыз. Біздің спектакльдерде Ресейдің танымал әртістері өнер көрсетеді.
Аида Балаева ресейлік әріптесіне екі елдің аудиториясын ерекше қызықтыратын бағыттар бойынша алдағы екі жылға арналған бірыңғай жоспар дайындауды ұсынды. Атап айтқанда, театр, мұражай, мұрағат ісі саласында. Тараптар бірқатар шығармашылық мамандық бойынша білім беру гранттарын бөлу мүмкіндігін талқылады. Министр, сондай-ақ, музыкалық аспаптарды қалпына келтіру, жөндеу, мұражай ісі сияқты бірқатар бағыт бойынша шеберлік сағаттары мен біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру жағын қарастыруға шақырды.
Айбек Сыдықов, ҚР Ұлттық мұражайы директорының міндеттерін атқарушы:
- Ресеймен, Жапониямен, Түркиямен және Қытаймен бірлескен жобаларымыз туралы айттық. Ол жерде бізде ғылыми бағыттағы жұмыстарымыз. Соңғы жылдары Ұлттық музей археологиялық этнографиялық экспедиция сияқты жүзеге асырып отыр. Бұл бір жағынан жаңадан табылған есерткіштерді тізімін нақтыласа, екінші жағынан музейдің қорын толықтырып отыр. Бұл жобаның біз үшін маңызы зор.
Мәдени өзара іс-қимыл аясында биыл күзде Астрахань мен Қазан қалаларында «Қазақконцерт» ұйымының гастрольдерін ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров