Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішкі есігі реставрациядан өтіп жатыр
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішкі есігі Алматыда қайта қалпына келтіріліп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Реставратор Қырым Алтынбековтың айтуынша, қазір ұсақ-түйек жұмыстар ғана қалған. Жақын күндері Түркістанға жөнелтеді. Көненің көзіндей болған есік XIV ғасырда өмір сүрген шеберлердің қолынан шыққан. Содан бері бірнеше рет жөнделген. Бірақ ғылыми түрде зерттеліп, реставрация жасалмаған.
Әрине, бұл есікті бірнеше рет қайта қалпына келтіруге тырысқан. Бетіне түрлі бояулар жаға бергендіктен, ұсақ оюлар көрінбей қалған. Осы істің басы-қасында жүрген Қырым Алтынбековтың пікірінше, жөндеу деген бір басқа, ал консервация, реставрация деген мүлдем бөлек дүние. Емханада науқас адамды қалай емдейді? Реставрация да солай жүреді. Алдымен сараптама алынады. Рентгенге түсіреді одан кейін компьютерлік томография жасайды.
Қырым Алтынбеков, реставратор суретші:
- Керемет өте нәзік жасалған инкрустациялар бар. 1 мм-ден де кішкентей әртүрді суреттерден шығатын олардың барлығын кірмен қаспақтың астында жатқаннан кейін біз оны көргеміз жоқ. Ар жағынан әп-әдемі неше түрлі өрнектер шықты. Өрнектер шыққан кезде инкрустация дейді, қаптап жасалған сүйектен содан кейін тас бар, әртүрлі металл бар, соның ішінде қалайы қола, алтын-күмістен қапталған. Соның бәрін қалпына келтіріп біз сақтап қалдық.
Енді есікті осы қалпында сақтап қалу үшін экспозиция залына қойылады. Ал, оның орнына дәл осылай етіп жасалған көшірмесі қойылады. Себебі, ауаның ылғалдығы, өтпе жел тарихи жәдігерге кері әсер етіп, бүлдіруі мүмкін. Қырым Алтынбеков бұл жұмысты 2018 жылы бастаған. Алдын ала дайындығының өзіне үш жыл жұмсаған. 2021 жылы есікті шешіп осында алып келген.
Қырым Алтынбеков, реставратор-суретші:
- Бізге келген бетте оның жағдайы өте мүшкіл болды. Өйткені бірнеше жылдан бері оған ешкім реставрация жасаған жоқ. Тек қана анда-санда жөндеп қолдарынан келгенше. Қолдарында не бар, солармен жағып жағып, кейіннен қалың слой болғаннан кейін орнаменттердің бәрі көрінбей ішінде қалып қойған.
«Білікті реставратор болу екінің бірінің қолынан келмейді», - дейді Қырым Алтынбеков. Ол үшін химияны, физиканы, тарихты, мәдениетті жетік білген жөн. Сонда ғана жанашыр жақсы маман шығады. Қазір екі қызы Элина мен Дананы осы өнерге баулып жүр.
Элина Алтынбекова, Қ.Алтынбековтың қызы:
- Мен кішкентай кезімнен осындамын. Неше ғасырлық тарихы бар жәдігерлерді қайта қалпына келтіргенді көріп өстім. Сондықтан басқа мамандық таңдауым мүмкін емес. Қазір көшпенділердің салт-дәстүрінен хабар беретін этнобағытта әшекейлер де шығарып жатырмыз.
Қырым Алтынбеков Орталық Азияның археологиялық артефактарын қалпына келтіру бойынша жетекші ғалым-реставратор. Ол консервация мен қалпына келтірудің бірнеше әдісін ойлап тапқан. Әлі күнге дейін бар уақытын жұмысқа арнайды. Әр сағаты есептеулі. Қазірдің өзінде бірнеше жобаны қатар жүргізіп жатыр.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев