Алматыда Kitap Fest Almaty кітап фестивалі басталды

Алматы кітап оқитын қала. Шаһарда кітап жақсы сатылады, деп хабарлайды 24kz.

Кітапты ең көп шығарытын да осы мегополис. Kitap Fest Almaty кітап фестивалінің ұйымдастырушылары осылай дейді. Биыл шара 10 жылдық мерейтойын қала күні аясында атап өтіп жатыр. Оған 15 мыңнан астам адам келеді деп көзделген. Фестиваль екі күнге жалғасады. Оның барысында 50-ге жуық жаңа шығарма таныстырылады. Жазушылармен кездесулерден бастап балаларға арналған танымдық шеберлік сағаттары жоспарланған. Жәрмеңке, кітап сатумен ғана шектелмейді. Оған қоса, бұл жерде оқырмандарға қолдағы барын басқасына айырбастауға мүмкіндік жасалған. Ал, ескісі тегін таратылады. Сондай-ақ дәстүрге айналған «Ауылға кітап» акциясы жалғасын тапты. Оған қатысушылар кітапты тегін сыйлайды.

Айта кетейік, ең алғашқы кітап фестиваліне 7 ғана баспа қатысқан. Ал, биыл оның саны 70-ке жуықтаған.

Жұлдыз Омарбек, Kitap Fest фестивалінің негізін қалаушы:

- Менің барлық жастарға айтарым, кітап сатып алыңыздар. Себебі кітап оқығанда сіздің ойыңыз кеңейеді. Кітап оқымаған жандар трендке еліктегіш, өз ойы болмайды. Ал, кітап оқыған жандар ойы кең, көзқарасы кең болады. Бақытты, бай боламын десеңіздер кітап оқыңыздар. Қазақ әдебиетін, қазақ баспасын біз қолдауымыз керек. Біз қазақ кітабын сатып алсақ баспалар кітап шығара береді. Біз дәулетті елде тұрғымыз келеді. Ал дәулетті елде тұруымыз үшін білімді жастар керек.