Жезқазғанда С. Cейфуллиннің жеке заттары көпшілік назарына ұсынылды

Жезқазғанда мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің Жаңаарқа музейінде сақталған жеке заттары көпшілік назарына ұсынылды, деп хабарлайды 24KZ.

Көрмеге ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін 100-ге жуық жәдігер қойылған. Олардың қатарында  киген киімдері мен қамшысы, құман, шәйнек, қант ұсатқыш секілді заттар бар. Бұл бұйымдарды Сәкен Сейфуллиннің туыстары өткен ғасырдың 60-шы жылдары мұражай қорына өткізген. Сұңқар ақынның туғанына 130 жыл толуына орай ұйымдастырылған жылжымалы көрме алдағы 2 апта бойы Ұлытау облысының өзге де қала-аудандарын аралайды.

Ерболат Шубаев, Жаңаарқа аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

- Бұл көрменің басты мақсаты – ұлы тұлға Сәкен Сейфуллиннің саусақтарының табы қалған заттар мен бұйымдарын халыққа көрсету. Көрмеге біз Сәкеннің өзі ұстаған заттарын әкеліп отырмыз. Алдарыңызда Сәкеннің шапаны тұр. Өзі киген. Мұны бізге інісі Мәжит Сейфуллин мен жұбайы Әмина апамыз өткізген.