Әуезов театрының ұжымы өңірлерді аралайды
Сахна өнерінің қара шаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры көшпелі қойылымдар қояды.
Бұл туралы ұжым басшылығы 99-шы театр маусымының ашылуында мәлімдеді, деп хабарлайды 24kz.
Шығармашылық топ екі жыл бойы өңірлерді, жақын шетелдерді аралап өнер көрсетеді.
Аршын Кемелжан, тілші:
- Биыл Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 99- маусымы «Алматы театрында» ашылды. Себебі, қарашаңырақтың 100 жылдығына орай тарихи ғимарат күрделі жөндеуге жабылған. Бірақ театр труппасы бос отырмапты. Жақында Өзбекстанның Ташкент, Нүкіс қалаларында болып спектакль қойып қайтқан.
Еркін Жуасбек, М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының директоры:
- Бұл негізінен гастрольдік маусым болайын деп тұр. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі біз үшін үлкен бағдарлама жасады. Яғни, біз келесі жылы осы 100 жылдықтың қарсаңында деген атпен бүкіл Қазақстанды және жақын маңдағы шетелдерді аралап шығамыз деген үлкен жоспарымыз бар.
Театр репертуарында 70-ке жуық спектакль бар. Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббаты», Төлен Әбдіковтің «Ұлы мен Ұрысы», вальс королі Шәмші рухына бағышталған «Сыған серенадасы» секілді әртүрлі жанрдағы қойылымдарды көрермен асыға күтетіні анық. Әкемтеатрдың гастрольдік шеруі Алматы облысынан басталып, өзге өңірлерге ойысады.
Асанәлі Әшімов, халық артисі, Қазақстанның еңбек ері:
- Басқа сахналарды көру ол да кішкене тәжірибе береді, шеберлік шыңдайды. Біздің мақсат – жастардың шеберлігі шыңдалса, жан-жағын көрсе, арман-дәстүрлерді созса ары қарай. Сол арманымыз.
Маусымашарға келушілер Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» қойылымын тамашалады. Бұл қазақ әдебиетінің жауһар туындысы саналады. Біздің тарихымыз бен мәдениетімізді ұштастыратыратын, өткеніміз бен бүгінімізді бағамдауға мүмкіндік беретін бірегей туынды.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев