Балалар әдебиетінің бәйтерегі
ХХ ғасырдағы қазақ балалар әдебиетінің бәйтерегіне баланған көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр.
Осыған орай дара дарын иесінің туған өлкесінде дүбірлі той басталды.
Бердібек Соқпақбаев – қазақ әдебиетіне өзгеше өрнек, соны соқпақ, ғажайып сыр-сипат алып келген көрнекті жазушы. Оның "Балалық шаққа саяхат", "Менің атым Қожа", "Өлгендер қайтып келмейді" атты шоқтығы биік туындылары қазақ әдебиетінің деңгейін Алатаудай асқақтатқан көркем дүниелер. Жазушының әдеби әлемі ЮНЕСКО, ТҮРКІСОЙ көлемінде тойлануда. Туған жердегі әдеби жиын көрмеден бастау алды. Қойылыммен жалғасты. Әйгілі “Менің атым Қожа” шығармасынан үзінді қойылды.
Бүкіл шығармашылық жолында қазақ әдебиетіне 20-дан аса жауһар дүниелер берген жазушының торқалы тойына қазақ мәдениетінің майталмандары, әдебиет пен өнер өкілдері көптеп жиналды. Олардың арасында бала Қожаны сомдау арқылы талайлардың жүрегінде өшпес бейне қалдырған Нұрлан Сегізбаев та бар.
Нұрлан Сегізбаев, актёр:
- Адам кетеді. Кітап қалады. Кино қалады. Өнер қалады. Ішіндегі жан қалады. Содан Бердібек ағамыз арамызда. Қазақ жерінде қара домалақ Қожаға ұқсайтын балалар көп. Көбейе берсін балалар. Біз енді Қожа ата болды. 70-тен астық.
Алқалы жиын барысында жазушының 4 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Перзенттері мен ет жақындары да барлық іс-шараның басы-қасында жүр. Бердібек Соқпақбаевтың талай шығармасын орыс тіліне аударған қызы Самал Соқпақбаева әкесі жайлы есті естеліктер айтып, әсерлі әңгімелерімен бөлісті.
Самал Соқпақбаева, Б. Соқпақбаевтың қызы:
- Әртүрлі болатын. Жұмсақ мінезді, қатал мінезді. Бірақ өте бір көңілшек, жүрген жерінде қай компанияда отырса да қалжыңы өте әдемі болатын. Өте әдемі болатын қазір енді естелік жазған, қатар жүрген жолдастарының бәрі соны айтатын. Мінезі әр түрлі болды. Әрине мені ерекше жақсы көрді.
Қарымды қаламгердің мерейтойына жиналған қалың оқырман мен көпшіліктің ішінде қалам ұстаған қауым да көп. Бәрі де жазушының талантын жан-жақты талдап, шығармашылық дарынына тәнті екендерін жеткізіп жатты.
Қазыбек Иса, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазақ қаламгерлеінің ішіндегі ең есімі әйгілі осы Бердібек Соқпақбаев десек болады. Өйткені,бүгін міне 100 жылдығын тойлап жатсақ, осы уақытқа дейін оның барлық шығармалары халықтың жүрегінде сақталған. Қазақ әдебиетіне Соқпақбаев салған соқпақ миллиондардың жүрегіне даңғыл жолмен енді.
Балалар әлемін таңғалдырған талантқа арналған той «Ұлт әдебиетінің алыбы" атты республикалық ақындар айтысына ұласты. Айтысқа әйгілі ақын, айтыс жанашыры Жүрсін Ерман қазылық етсе, белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтай жүргізіп отырды. Қаламгердің ғасырлық меретойына арналған жүлде үшін бір топ айтыскер ақын бақ сынауда. Мерейтойлық шара ертең де жалғасып таппақ. Туған жері Нарынқолда жазушыға арналған еңселі ескерткіш ашылып, бәйге, спорттық ойындардан сайыс өтпек. Алматы облыстық филармониясы мерекелік концерт қояды.
Серік Ибраһим, Аят Дүйсенбаев