Ғалымдар: Қапалдағы обсерваторияны мемлекет қорғауына алу қажет
Жетісулық өлкетанушы ғалымдар: «Қапалдағы ашық аспан астындағы обсерваторияны мемлекет қорғауына алу қажет», дейді.
Көне ғасырларда бағыт бағдарды айқындайтын табиғи компас болған орын қазір жайылым ретінде пайдаланылады. Ел аузында Шеңбертас атанып кеткен орында ғылыми зерттеу жұмыстары да жүрмеген.
Жанат Есімбеков – Шеңбертасқа барушыларға жол көрсететін әуесқой гид. Қапал ауылының тұрғыны құпиясы ашылмаған киелі жердің қараусыз қалғанына алаңдаулы.
Жанат Есімбеков, Қапал ауылының тұрғыны:
- Бұның біз келешек ұрпаққа қалғанын, келешек ұрпақ зерттеп білгенін сол себептен бұл мемлекет қорғауына алынып, ары қарай зерттеліп қорғалуын қалаймыз.
Обсерваторияға қатысты тыңғылықты зерттелген нақты мәлімет жоқ. Археологтар оны кейінгі қола дәуірі мен сақ, түркі кезеңдерінде орнатылған болуы мүмкін деп болжайды. Бір анығы, Шеңбертас табиғи компас ретінде кеңістіктің төрт бағытын көрсетіп тұр.
Шыңғыс Қалиден, тілші:
- Ашық аспан асты обсерваторияның айналасы шеңбер ретінде қоршалған. Ал оның ортасы мынандай тізбектелген тастар арқылы төрт бөлікке бөлінген. Сол арқылы оңтүстік пен солтүстікті, шығыс пен батысты анықтаған деседі. Оның дәлдігін мынандай цифрлы компаспен де көруге болады.
География ғылымдарының кандидаты Еркін Тоқпанов студенттерді ертіп, Баянжүрек тауының етегіне бірнеше рет барған. Ғалым: «Шеңбертас бір ғана емес, бірнеше қызметті атқарған», дейді.
Еркін Тоқпанов, география ғылымдарының кандидаты:
- Шеңбертас біріншіден, ежелгі адамдардың табиғатқа тәуелді болғандықтан ашық аспан астындағы ғибадатхана болған, Екінші – аспан денелерін барлайтын обсерватория қызметін атқарған. Себебі аспан жұлдыздарын бақылау арқылы ауа райын болжаған. Үшіншіден, кеңістіктің аралығын анықтау, төртіншіден, уақытты анықтау қызметін атқарған күнсағаты болып табылады.
Шеңбертастың тарихи құндылығы күні бүгінге дейін анықталмаған. Тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының басшысы «бұл мәселеге қатысты жұмыстар биыл қолға алынады», - дейді.
Ғалымжан Оспанов, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталық директоры:
- Тарихшыларды, өлкетанушыларды сол жерге апарып, мұны сакрал ретінде тізімге алсақ, ол міндетті түрде мемлекет қорғауына кіреді.
Қапал өңірінде петроглифтер мен көне қорған көп. Сондықтан өлкетанушылар аймақта археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, кешенді зерттеу қажет деп отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев