Алматы облысында Б.Соқпақбаевқа ескерткіш ашылды

Алматы облысының Райымбек ауданында қазақтың қабырғалы қаламгері Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы жалғасып жатыр.

Бүгін Нарынқол ауылындағы орталық саябақта жазушының ескерткіші ашылды. Мерейтойлық шаралар Сарыжаз бен Қарасаз ауылының ортасындағы жазық далада ұйымдастырылған дала қызықтарына ұласты.

Қазаққа «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» сияқты 20-дан астам шығарма сыйлаған Бердібек Соқпақбаев қазақ әдебиетіндегі қайталанбас тұлға. Оның әр әңгімесі мен повесі классикалық туындыға айналғанын қолына қалам ұстаған ағайын мен оқырман қауым жақсы біледі. 100 жылдық мерейтойға орай қаламгердің туған жері Нарынқолда еңселі ескерткіш орнатылды. Оны Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мемлекет басшысының құттықтау сөзімен ашып берді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойы еліміз бойынша жоғары деңгейде аталып өтуде. Осы ретте бұл атаулы дата өңірлік, мемлекеттік ауқымда ғана емес, ЮНЕСКО аясында да кеңінен тойланып жатыр. Бұл жазушының әлемдік деңгейде мойындалуының жарқын көрінісі. Президентіміз осы шараның маңызына баса мән беріп баршаңызға ыстық ықыласы мен жылы лебізін жолдады. Ұлтымызға рухани бағдар болатын осындай ұлы тұлғалардың есімін ұлықтау енселі елдік пен салихалы сабақтастықтын жарқын көрінісі.

Жазушының 100 жылдығына орай Нарынқолда республикалық ақындар айтысы өтіп, өнер мектебінің оқушылары салған суреттер көрмесі ұйымдастырылды. Ол Соқпақбаев көтерген сан-түрлі тақырыптарға арналды. Республикалық ақындар айтысында Алматы облысының командасы жеңімпаз атанды.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бүгін енді Бердібек ағамыздың тұғыры бір мәңгілік ескерткіш халықтың көкейінде, жүрегінде сақталған ардақты азаматтың ескерткіші ашылып, үлкен ұлттық ойларға ұласатын шаралар өтіп жатыр. Мұның бәрі де осы сөз зергері шынайылықты серік еткен жазушының 100 жылдық мерейтойы. Тек қана Қазақстанда ғана емес, биыл ол Парижде ЮНЕСКО-ның шеңберінде аталып өтетін болып жатыр.

Алмахан Кенжебекова, ҚР Халық артисі:

- Әлде де той жалғаса береді. Осыған дейін де болған. Атап өтіліп жатқан барлық жерде. Ал енді мынау халық боп, ел боп, кереметтей бір бәріне қуаныш әкелген Бердібек ағам тағы да бір жағартып, 100 жылдан кейін қайта туды Бердібек ағам. Ол кісінің әр тақырыбы елдің есіне қайтадан түсіп, тіпті мына тұрған галлереяның өзі мынау ғажап қой. Мына балалар Бердібек ағаның әр тақырыбына мектептің балалары салған. Сондықтан мен ойлаймын мына таулы-тасты табиғатта өзі бір кеңдік, тазалық мынау қазақтың өзінің жан дүниесіне тән.

Мерейтойлық шаралардың екінші күні қазақ эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасы мен балуандар күресі, бәйге сияқты дала қызықтарына арналды. Жеңімпаздар темір тұлпарға ие болады. Бердібек Соқпақбаев өзінің өлмейтін, өшпейтін, қазақ әдебиетінің жауһарына айналған асқақ та биік, шынайы шығармалары арқылы мәңгі жасай бермек.

Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов