Алматыда Қызылорда облысының өнер күндері өтіп жатыр

«Сұлу сырдан – ару Алматыға». Осындай тақырыппен Алматыда Қызылорда облысының өнер күндері өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Оның аясында Сыр өңірінің өнерпаздары алғаш рет Республика сарайында гала-концерт берді. Көрермен назарына халық әндері, жыраулық өнер мұрасы, классика және эстрада жанрындағы музыкалық туындыларды ұсынды. Оған қоса, жұртшылық «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» көрмесін тамашалады.

Бұл көрме Сыр өңірінің тарихын баяндайды. Оған ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген Қорқыт ата мұрасы, құнды этнографиялық бұйымдар мен зергерлік әшекейлер қойылған.

Мира Қазбекова, Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

- Түгіскен жерінен табылған археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесіндегі алтындатылған мүсіндерімізді алып келіп отырмыз және көрме барысында «Шірік-Рабат сақ жауынгері»,Сығанақ ханшайымы секілді алтындатылған мүсіндеріміз біздің көрмеміздің басты жәдігерлері саналады.

Жыраулық, жыршылық дәстүр – Сыр бойының бойтұмары. Асыл мұра ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Концертте Тұрмағамбет, Нұртуған, Нартай сияқты жыраулардың мақамымен шығармалар орындалды.

Мұхтар Ниязов, Нартай Бекежанов атындағы академиялық музыкалық драма театрының директоры:

- «Сырға барсаң жыршымын» деме дейді. Сыр бойында қалыптасқан қазақтың бай дәстүрі бар. Меніңше, Алматы, Астана сияқты үлкен қалаларға әр аймақтың беретін колориті бар. Бұл жерде Сыр боына қандай өнер тән, осы адамзатқа қандай өнер тән, соның барлығы бір арнаға, бір сахнаға тоғысқан сәт.

Айта кетейік, дәл осындай өнер күндері былтыр Астананың 25 жылдығына орай елордада өткен еді. Дәсүрлі әндер, классика, заманауи музыка. Сан алуан өнер тоғысқан кеші көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Қызылордалық мәдеиет майталмандары  «Жыр – қазына, күй – күмбез» атты тағы бір концерттік бағдарлама ұсынып отыр. Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі Құрманғазы оркестірінің концерт залында өнер көрсетеді.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев