Астаналықтар Сальвадор Дали туындыларының түпнұсқаларын тамашалай алады
20 ғасырдың дарынды суретшісі, испандық Сальвадор Дали туындыларының түпнұсқалары Астана жеткізіліп, көрмеге қойылды.
Мәдени мұраны жеке коллекционерлер және Еуропа мен Американың галереялары ұсынған. Қылқалам шеберінің 5 сериадан тұратын жауһарларын қала тұрғындары мен қонақтары айдың соңына дейін тамашалай алады.
Қаз-қатар тізілген 61 туынды - өнер әлемінің баға жетпес байлығы саналады. Сальвадор суреттерінен құр кескін ғана емес, астары мол, метафораның әдемі үйлесімін байқауға болады. Ұйымдастырушылар көрмені Қазақстанға әкелу үшін еселі жұмыс атқарып, жылдар бойы кезек күткен.
Ирина Чехлова, Lumire-Hall музейінің қызметкері:
- Бұл Сальвадор Далидің түпнұсқа литографтары мен ағаш кесінділері. Көрмені Қазақстанға әкелу үшін біз ұзақ уақыт кезекте тұрдық. Суреттерді көрмеге биыл қою маңызды болды. Өйткені әлем сюрреализмнің 100 жылдығын атап өтіп жатыр. 1924 жылы сюрреализм манифесі құрылды. Ал Сальвадор Далидің туғанын 120 жыл толады.
Көрмеге келушілер "Кармен", "Алисаның Ғажайыптар еліндегі шытырман оқиғалары", "Далиндік жылқылар"серияларының туындыларын тамашалай алады. Сондай-ақ Педро де Аларконның "Үшбұрыш" әңгімесі мен "махаббат трилогиясына" арналған иллюстрациялары ұсынылған. Өнер сүйер қауым суреттерге деген таңданысын жасырмады.
Айсана Иманберді, қала тұрғыны:
- Біз білеміз, бұл суретші ХХ ғасырдың плюрализм бағытының өкілі болып келеді. Суреттерінің барлығында құпия бейне бар секліді. "Тайная послания" әр суретте бар. Суреттерінің бәрі ерекше, мүлдем өзгеше. Өте ашық түс, әр түрлі сериасы бар.
Сальвадор Дали өзінің арманы мен ұшқыр қиялын тек суреттеумен шектелмеді. Мүсін жасап, режиссерлікпен айналысты. Оған қоса жазушы болды. Таңқаларлық интерьер жасап, жарнамаға да түсті. Тіпті аспаздық кітап жазды. Бұл туралы көрмеде толығырақ білуге болады. Мұнда мамандар Далидің шығармашылығы туралы дәріс те оқып жатыр.
Бекзат Аманов, Мерей Қанапия, Марат Диханбаев