Алматыда Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған ғылыми конференция өтті

Ұлыбритания, Франция мен Швейцария архивінен Қазақ хандығының қалыптасу тарихына қатысты жәдігерлер табылды, деп хабарлайды 24kz.

Арнайы экспедицияның нәтижесі туралы бүгін Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференцияда айтылды. Ғалымдардың мәліметінше, жәдігерлер Шыңғыс ханнан тараған ұлыстың тарихы мен Қазақ хандығының құрылу кезеңі туралы тың дерекке жол ашуы мүмкін. Еуропа елдерінің мұрағаттарында ескі карта, қолжазбалар, Алтын Орда монеталары және ғылыми қолданысқа, алғаш рет енгізілгелі отырған басқа да заттар бар. Шығыстанушылар «Күншығыс елінің мұрағаты да маңызды» дейді. Себебі түркология ғылымы Жапонияда жақсы дамыған.

Меруерт Әбусейітова, Р.Б.Сүлейменов атындағы шығыстану институты жанындағы тарихи материалдарды зерттеу орталығының директоры:

- Біз қазір осы артефактілердің көшірмелерін алу жөнінде сөйлесіп жатырмыз. Мысалы, ханның киіз үйіне ілінетін барқыттан жасалған әдемі түскілем бар. Ал мынау жасыл түсті атлас тұскілем жауынгерлердің киіз үйінде тұрады. Мұны мен әскери боз үй деймін. Бұл жерде Қазақ хандығының қауіпсіздігіне байланысты мәселелер талқыланып отырған.

Дүкен Мәсімханұлы, Р.Б.Сүйлейменов атындағы шығыстану институтының бас директоры:

- Түркология ғылымы жақсы дамыған, өркендеген елдің бірі – Жапония. Біз енді алдағы жылдарда осы Жапониядағы түркология, түркологиялық деректер, осы Қазақ хандығының тарихына, одан бері қазіргі Орта Азияға қатысты да зерттеулерді алып келу бағытында арнайы ғылыми жоба қарастырып отырмыз.