«Хабар» Агенттігі жаңа маусымның таныстырылымын өткізді

«Хабарда» жаңа маусым. Құрамына 3 телеарна кіретін агенттік өз көрермендерін биыл тың бағдарламалар және телесериалдармен қуантпақ, деп хабарлайды 24kz.

Атап айтқанда, «Хабардың» эфирінде көзі қырақты көрермен 17 телебағдарлама мен 4 телесериалды тамашалай алады. Оның ішінде қазақтың үш бәйтерегі – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің өмірі мен шығармашылығы баяндалған деректі фильмдер циклі бар.

Күзгі саяси маусыммен қатар «Хабар» Агенттігі» де көрерменге жаңа телемаусыммен жол тартты. Жалпы 30 жылға жуық уақыт ішінде «Хабар» өз эфирінде 2,5 мыңнан астам бөлімнен тұратын 150-ге тарта сериал ұсынған болатын. Биылғы жаңалықтары да аз емес.

Данияр Меңілбеков, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Мемлекет басшысы айқындап берген басымдықтар бар, ол мына еңбек адамы, жұмысшы мамандықтары, одан бөлек, ұлт руханиятына қатысты көптеген жобалар бар, оның ішінде «Қазақ елі» деген циклмен жасалып жатқан деректі фильмдеріміз бар. Қазақтың алып үш бәйтерегі – Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров жөнінде жасалған сүбелі деректі фильмдеріміз бар, олар да көрерменге жол тартады.

«Хабар» агенттігі – 3 арнаның басын біріктірген телеотбасы. Медиа холдингтің құрамына кіретін 24KZ – тәулік бойы ақпарат тарататын басты арна. Жаңа маусымда өз көрермендеріне 32 жоба ұсынып отыр. Соның бесеуі тыңнан қосылған.

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы:

- Мемлекет басшысының соңғы жылдардағы жүргізіп жатқан саяси реформаларын халыққа жеткізуде «Хабар» агенттігінің рөлі ерекше. Өйткені «Хабар» агенттігінің құрамындағы «24KZ» арнасы бұл – 24 сағат бойы халыққа 17-18 рет тікелей эфирде хабар таратады. Бұл деген үлкен жұмысты, қырғылықты қажет етеді. Сол себепті оның артында тұрған шығармашылық ұжымға табыс тілеймін.

Айта кету керек, 29-шы маусымын бастаған «Хабар» агенттігі келесі жылы өзінің мерейтойын атап өтеді. Айтулы мерекеге дайындық қазірдің өзінде басталып кетті. Яғни, көзі қарақты көрермен эфирлерде арнамыздың ардагерлерімен қайта қауышады.

Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев