Алматыда зағип жандарға арналған ерекше көрме ашылды

Алматыда «Көрінбейтін әлем» атты ерекше көрме ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Зағип жандар танымал фотографтардың суреттерін өздеріне қолжетімді әдіс арқылы тамашалауға мүмкіндік алды. Көрменің тағы бір ерекшелігі – көзі жақсы көретін жандар, арнайы көзілдірік арқылы бір сәт зағиптардың орнында болып, олардың айналаны қалай қабылдайтынын сезініп көрді.

Көрмеге келген зағип жандардың қуанышында шек жоқ. «Суреттерді саусақпен сипап, өнердің құдіретін сезіндік», - дейді олар. Көрмеге шетелдік және қазақстандық фотографтардың арнайы принтерде рельефті түрде басылып шығарылған еңбектері қойылды. 12 картинаның әрқайсысында дыбыстық сипаттамалар бар, сондай-ақ ақпараттық мәтіндер Брайль шрифтімен жазылған.

Алтынай Ибрагимова, «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігі филиалының басшысы:

- Көзі көрмейтін кісілерге Брайль нүктелерімен 3D форматта аудио сипаттамаларымен ыңғайлап, осындай көрме ұйымдасытырып отыр. Біз үлкен алғыс білдіреміз. Өйткені көзі көрмейтін кісілер жалпақ форматта берілген суреттерден ауызша айтқанмен, толық біле алмайды.

«Шараның мақсаты – инклюзивті орта қалыптастыру», - дейді ұйымдастырушылар. Алғаш рет ашылған көрмеде жанары жақсы жандар арнайы көзілдірік-симуляторлардың көмегімен глаукомадан бастап, диабеттік ретинопатияға дейінгі әртүрлі патологияда айналаны көрудің қалай өзгеретінін байқап білді. Сол арқылы жанары солғын тартқан адамдардың қиындығын бір сәтке болса да сезінді.

Гүлнар Валеева, көрме қонағы:

- Түрлі ауруларды имитациялайтын көзілдірікті киіп көру өте қызықты болды. Зағип жандардың не көретінін, олардың көзімен мына әлем қандай екенін сезіндім. Біздің айырмашылығыз тек көз жанарымызда. Алайда, олар да біз сияқты адам. Сондықтан олардың да әлемді тануға, өнерді тамашалауға құқы бар. Мына көрме соны дәлелдеді.

Қазақстанда 160 мыңға жуық адам көз ауруларына шалдығып, көптеген шектеулермен өмір сүруде. «Көрінбейтін әлем» көрмесі кедергілерді жойып, көру қабілетіне қарамастан, оларға өнерді қолжетімді етті.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов