Астанада Әзербайжанның мәдениет күндері өтті

Арғы-бергі тарихымен тамырласатын қазақ-әзербайжан елдерінің мәдени-рухани жақындығы анық байқалды, деп хабарлайды 24kz.

Бауырлас елдер арасындағы сауда саттықтан бөлек, мәдени байланыс нығая түскен. Осы күндері тамырлас елдің өнерпаздары Астана аспанын ән-күйге бөледі. Гала-концертте Әзербайжанның Халық әртістері мен еңбек сіңірген танымал өнер майталмандары өнер көрсетті.

Адил Керимли, Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрі:

- Бұл 4 күн біз үшін керемет өтті. Қазақстандық бауырларымыз өте жылы қабылдады. Біз бұған дейін Ұлттық кітапханаға Физули кітаптарының қазақ тіліне аударылған нұсқасын ұсындық. Сонымен қатар өткен жылы Қазақстанның Әзірбайжандағы мәдениет күндері аясында Әзірбайжан Ұлттық кітапханасында қазақстандық әдебиет бұрышын ашқан болатынбыз. Осы дәстүрден жаңылмай, біз де Астанадағы кітапханада Әзербайжанның әдебиет бұрышын аштық.

Әзербайжанның мәдениет күндері аясында Астанада бірқатар кітаптың тұсаукесері, этно-джаз, Әзербайжан мемлекеттік би ансамблінің концерті өтті. Қос елдің Ұлттық кітапханалары арасында меморандум жасалды. Екі елдің әдебиеті мен мәдениетін, тілі мен ділін, ұлттық өнерін жалғар мығым рухани байланыстар алдағы уақытта да жандана бермек. 

Мұхит-Ардагер Сыдықназаров, қала тұрғыны:

- Өте керемет әсер алдық. Бауырлас, тіліміз, дініміз бір. Каспий арқылы көршілес бауыр елдердің керемет мәдениетінің бір көрінісі болды. Біз Әзербайжан елінің би ансамбльдерін көрдік, мықты танымал беткеұстар ән орындаушыларын көрдік.

Жұлдыз Қалиева, қала тұрғыны:

- Мен өте қуаныштымын. Біздің халыққа осындай өнер сыйлағанынан.

Концерт Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы мәдени бірлік пен достықтың символына айналған Муслим Магомаевтың әйгілі «Әзербайжан» әнімен түйінделді.

Айта кетейік, бұған дейін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға ресми сапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің қарым-қатынасын нығайтуда мәдениет саласындағы өзара іс-қимыл ерекше рөл атқаратынын атап өткен болатын. Нәтижесінде өзара Мәдениет күндерін өткізу туралы келісім жасалған.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Бағдат Қайыркен