Ақтауда Ә. Кекілбаевтың мерейтойына арналған шаралар өтті
Ақтауда мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдығына арналған ауқымды шаралар өтіп жатыр.
Бүгін «Достық» үйінде халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды. Екі күндік шараға жазушының көзін көрген әріптестері, ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері мен шетелден келген ғалымдар қатысуда. Алқалы жиында Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов ел Президентінің құттықтау хатын оқып берді. Айта кетейік, мерейтой аясында дәстүрлі «Әбіш әлемі» атты жаһандық театр фестивалі басталды.
Ғылыми-тәжірибелік конференция заңғар жазушының шығармаларын әлемдік деңгейде насихаттауды көздейді. Екі күндік шараға бауырлас түрік, қырғыз, әзербайжан, өзбек және Мажарстаннан бір топ ғалым келді. Салтанатты жиында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов сөз сөйлеп, ел Президентінің құттықтау хатын жеткізді.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Әбіш Кекілбайұлы - төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтіп, жаңа деңгейге көтерген заңғар жазушы, классик қаламгер. Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдеп, мемлекеттігімізді нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан қайраткер. Ол жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, халқына қалтқысыз қызмет етті. Ұлт мүддесін және ел бірлігін қашанда бәрінен биік қойды. Әбіш Кекілбайұлының отаншылдығы, парасаттылығы, білімпаздығы мен еңбекқорлығы - өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оңайша Мандоки, конференцияға қатысушы /Венгрия/:
Ағамыздың «Бәйге торы» повесі, әңгімесі деуге бола ма сол бәрінен биік болды. Ол кітапты оқыған халық мажар халқы олар өздерінің бұрынғы ұмытылған, аңсап жүрген көп нәрсені өздерінің көз алдарына елестете алды. Сондықтан Әбіш ағаның сол кездегі бізге, Еуропадағы қазақтарға және соның ішіндегі қыпшақ-мажар туыс халықтарға ұмытылғанын қайта жаңартып, Европа халықтарын да бір дүріктіріп кетті.
Мерейтой аясында Ақтауда «Әбіш әлемі» атты дәстүрлі халықаралық театр фестивалі басталды. Бағдарлама аясында шетелден және өңірлерден келген 8 театр ұжымы өнер көрсетеді. Әртістер Әбіш Кекілбаев шығармалары желісімен сахналанған қойылымдарды 3 күн бойы көрермен назарына ұсынады.
Асанәлі Әшімов, ҚР Халық әртісі:
- Мың жыл өтеді, бәрібір Әбіштің шығармасы киноға да, театрға да көрінеді. Сондықтан, бүгін мінекей ел келіп тойлап жатыр, Әбіштің 85 жылдығын. Біраз беретін туындылары бар еді. Соның бәрі ішінде кеткені өкінішті кейде. Қап, мына Әбіш қалай айтар еді деп қаласың кейде. Анау Мұхтарлар, Ғабит, Сәбиттен соң солардың ізін басып, солардың жолын жалғағаны бірден бір Әбіш. Жатқан жері жайлы болсын дейміз.
Маңғыстауда өмірге келген заңғар жазушының 85 жылдығына арналған мәдени шаралар келер айда да жалғасын табады. 7 қазанда Ақтауда жас ақындар мүшәйрасы өтеді. Үш кезеңнен тұратын өнер сайысында 8-11- сынып оқушылары бақ сынайды.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев