«Үркер» сыйлығы: мультимедиалы журналистиканың өкілдері марапатталды
Астанада дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін «Үркер» сыйлығының жеңімпаздары анықталды.
Биыл жетінші рет ұйымдастырылған байқауға баспасөз, радио және интернет-журналистика саласы өкілдерінен 400-дей өтініш түскен. 12 номинация бойынша топ жарған жеңімпаздар арасында өңірлік мультимедиалық журналистиканы дамытуға үлес қосып жүрген мамандар да марапатталды.
Озық шығармашылық ұжымдарды анықтау және кәсіби тілшінің елеулі еңбегіне қоғам назарын аударуға бағытталған байқаудың шорт-листіне 52 үміткер ілінді. Салтанатты кешке қатысқан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева негізгі номинациялардан бөлек «Время» газеті ұжымына арнайы сыйлықты табыстады. Сондай-ақ балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына орайластырылған марапат «Заң» газетіне де бұйырды. Айтулы шарада сөз алған ведомство басшысы мемлекет тарапынан медианың дамуына, креативті жобалардың жүзеге асуына қолдау көрсету жалғаса беретінін атап өтті.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- «Медиа уик» апталығы аясында медиа индустрия саласында жаңа жобаларды таныстырып, БАҚ көкейтесті мәселелері талқыланып, оның шешімдері де ортаға салынды. «Медиа уик» апталығы және «Үркер» байқауын дайындап өткізіп жатқан әріптестеріме, қатысқан спикерлерге, оның ішінде өңірден арнайы келген журналистерге ризашылығым мен рақметімді айтамын. «Үркер» байқауы да тек қана журналист пен ұжымды марапаттау ғана емес, жаңа есімдерді ашу. Үлкен ұжым мен журналистердің еңбегін бағалау.
Қалам ұстаған қауымның сүбелі туындылары мен тың зерттеулерін саланың еңбек сіңірген қайраткерлері мен халықаралық медиа-сарапшылардан құралған тәуелсіз қазылар алқасы бағалады.
Нұрлат Байкенже, «Үркер» сыйлығының иегері:
- Журналистер арасында бәсеке бар. Бәсеке болған жерде журналистер өседі, шыңдалады. Газеттің әр нөмірінде журналистік зерттеулер, сараптамалық материалдар көп беріледі. Сол өзім жазған материалдарымның ішінде үздік деп танылған теміржол саласы бойынша зерттеуімді бердім. Кәсіби журналистикада сараптамалық материалдар, тағы басқа тақырыптарды терең зерттеп оқырманға ұсына беруде жауапкершілікті шыңдайды.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылатын "Үркер" ұлттық сыйлығы ақпарат кеңістігіндегі тілшілер қауымын жаңа ізденістерге ынталандырады. Шығармашлық шабыт сыйлап, қаламдарын ұштайды. Аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарының да көкжиегін кеңейтеді. Олардың медиа кеңістіктегі еңбектеріне қолдау болады. Қоғам тынысы мен тамыр бүлкілін назарда ұстап, қалың бұқараға тұщымды ой мен тың ақпарат жеткізуге асығатын қаламгерлердің мерейі үстем болған шара өнерпаздардың ән-жырымен жалғасты.
Қамбар Бекенов, Абдулхамит Бөлекбаев