«Хан дойбы» ойынын терең зерттеу жұмыстары қолға алынды
Қазақстанның материалдық емес құндылықтарының жаңа тізімін қалыптастырып, оларды терең зерттеуге жоғары оқу орындары атсалысады, деп хабарлайды 24KZ.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінде ұмыт болған «Хан дойбы» ойынын дәріптеп, ережелерін жастарға үйрету жұмыстары басталды. Болашақта ұлттық ойынды ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу жоспарланып отыр.
ЮНЕСКО-ның адамзатқа ортақ мәдени мұра тізіміне 11 ұлттық ойын кірген. Бірақ оның төртеуі ғана қазақ халқының төл ойыны саналады. Атап айтқанда, құсбегілік, тоғызқұмалақ, қазақ күресі және асық ату. Зерттеушілердің айтуынша, бұл тізімді толықтыруға негіз бар. Мәселен, «Ұмыт қалған «Хан дойбы» ойынын қайта жаңғыртып, мұралар тізіміне енгізуге әбден болады», – дейді ғалымдар.
Еркін Қайшыбек, Абай атындағы ҚазҰПУ мұражай меңгерушісі:
- Ерекшелігі, ойында әскери тактика бар, саясат бар, сосын экономика бар. 12 тастан тұрады. 12 тастың әрқайсысының атауы бар. «Хан», «би», «бек», «алаша», тентек деген атаулары бар. Міне, сол аталған әр фигурканың өзінің жүретін жолы бар. Бұл жерде ханды хан алады, биді би алады. Бекті бек алады. Пешкі корольді алады деген жоқ бізде. Осындай бір ерекшеліктері бар. Тордың өз атаулары бар.
Тор көздері де басқаша. Бұл ойынның тарихы тереңде. Алматы облысы Есік қаласы маңынан қазылып алынған «Алтын адамның» жанынан хан дойбысының тастары табылған. Киіз үй пішіндес тастар әртүрлі қазақы ою-өрнектермен нақышталып, пілдің сүйегінен жасалған екен. Ғалымдар бұл тастар кейін Үйсін мемлекеті дәуірінде де қолданыста болған деген қорытынды жасаған. Қазір ойын тарихын терең зерттеп, насихаттау жұмыстары қолға алынды.
Болат Тілеп, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры:
- Осы уақытқа дейін ЮНЕСКО-ның тізіміне енген материалдық емес құндылықтарды зерттеуге шын мәнінде ЖОО тартылмаған. Қазіргі таңда, өзіңіз білесіз, «Университет – ғылым» деген түсінік жақсы қалыптасып отыр. Яғни, зерттеу университеттері пайда болып жатыр. Атап айту керек, университеттердің потенциалы өте жоғары, осы бағыттағы жұмыстарды ілгерілету үшін.
«Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасын сақтау жан-жақты жүйелі жұмысты талап етеді», – дейді ғалымдар. Осы мақсатта Материалдық емес мәдени мұраны қорғау ұлттық комитетінің ұсынысымен «Абай жолымен» жобасы әзірленіп жатыр. Жоба аясында мамандардың біліктілігін арттыру, Қазақстанның Жоғарғы Жібек жолы бойындағы ескерткіштерді зерттеу, реставрациялау және мұражайландыру жұмыстары қолға алынбақ.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев.