Талды археология кешенінің өткелі жаңадан салынды
Қарағанды облысы аумағындағы қола дәуіріне тиесілі Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ескерткішін көруге келушілер өте көп.
Осыған байланысты өткел жақында қайта салынды. Себебі Талды археологиялық кешеніне баратын көпірді көктемде су шайып кеткен еді. Биыл бұл төңіректегі 6 аумақта археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. "Соның негізінде туристерге айтар тың дүниелер өте көп",-дейді ғалымдар.
Талды өзенінің бойындағы Қаражартас қорымына төтесінен өтетін жалғыз жаяу жүргінші өткелі наурыз айынан бастап жаңадан салына бастаған еді. Алайда көктемде өзен арнасынан асып, өткелдің бетон тіректерін қиратып кеткен. Құрылысқа бастапқыда жергілікті бюджеттің 22 миллионы жұмсалған. Ал сәуір айында қираған өткелді қайта істеу үшін тағы 12 миллион теңге жұмсалды.
Қайыржан Молдашурин, мердігер:
- Май айында қайтадан жұмысқа кірістік. Орнына қоюға. Енді міне көктемде шайды мостымызды. Енді одан да мықты қылып жасадық. Енді көп жылдар қызмет етеді деп сенеміз.
Өткелдің туристер үшін маңызы зор. Себебі 100 метр жерде әйгілі «Сарыарқа пирамидасы» орналасқан. Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын алып тас ескерткіштің айналасында сол сақ кезеңіне жататын 50-ге жуық қорым бар. Зерттеу барысында мұнда үлкен қалаларда ғана кездесетін ғибадатханаға ұқсас нысан да табылған. Ал осы төңіректегі андрондық кезеңге жататын «Сеңкібай-2» қорымынан археологтар қарама-қарсы жерленген қос жылқының сүйегін, қыш ыдыстар, қола моншақтар мен әшекей заттарды тапқан еді.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Биыл да Талды археологиялық кешені төңірегінде 6 жерде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде бірнеше тарихи кезеңдерге жататын қорымдар табылды. Енді сол қорымдар маңында қазан айында реставрациялық жұмыстар жүргізіледі. Әрқайсысының жанында мынадай ақпараттық тақта қойылады.
Биыл Байқасқа қорымын қазу барысында сақ дәуіріне жататын қанжар табылды. Ақинақ шірімей жақсы сақталған. Ал Жаңажұрт қорымынан алтыннан құйылған сырғалар, сақиналардың шығуы сақ дәуірінң озық өркениетін тағы бір дәлелдей түсті. Бұған қоса қыпшақ кезеңіне жататын тұрақ зерттеліп, балбал тастар, өзге де мәдениет нышандары анықталды,-дейді облыстық ескерткіштерді қорғау орталығы басшысының орынбасары Жанболат Мәжитов.
Жанболат Мәжитов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ескерткіштерді қорғау орталығы басшысының орынбасары:
- Мысалы үшін біз Қазақстан өзіміздің жердің байлығымен, көмірімізбен, темірімізбен, алтынымызбен бүкіл әлем таниды. Енді бүкіл әлемге біздің тарихымыздың терең екенін, сонау тас дәуірінен басталып, үлкен бір мәдениеттің осы жерде болғанын археологиялық қазба жұмыстары барысында дәлелдеп көрсетуіміз керек. Жаңағы Талды археологиялық паркін құру мақсатымыз осы.
Жалпы Талды археологиялық кешенінде тас дәуірінен бастап ХХ ғасырдың басына дейінгі тарих тұнып тұр. Бабалардан қалған бай тарихты өткенінен бастап, өткеліне дейін түгендеудің уақыты жетті,-дейді ғалымдар.
Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар