Елордада «Біздің жәрмеңке» атты ұлттық өнер мерекесі өтті
Ән әуелеп, күй күмбірлеген кеш – «Халық қазынасы» орталығының бастамасы.
Ұжым осыдан 2 жыл бұрын Қазақконцерт жанынан құрылды. Басты мақсат – ұлтымыздың бай музыкалық мұрасын көздің қарашығындай сақтап, дәріптеу.
Бұлбұл үнімен талайды тамсындарған әнші, өн бойы өнер тұнған сал-сері, тал шыбықтай майыса билеген бұрымды қыздар. Кештің шымылдығы түрілгеннен ақ ұлтымыздың бай мұрасы көрініс тапты. Тек сахна демесеңіз, алты алаштың бас қосып, түннен таңға жалықпай жыр айтқан Қоянды, Көкжар жәрмеңкесінде жүргендей әсер сыйлайды.
Ән әлемінің шолпан жұлдызы Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт әртістері осылайша жаңа маусымды жаңа фортматта бастамақ. Алғашқылардың бірі болып, осы ұйымға қарасты "Халық қазынасы" орталығының өнерпаздары көрерменге тарту жасады.
Жасұлан Наурызбайұлы, «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының басшысы:
- Жалпы бұл ұлттық өнерімізді халыққа ұсыну әдісі. Мұны енді басқа жақтан алып отырған нәрсе емес. Бұл каешегі бабалардың жолы. Осындай жәрмеңкелерде өнерпаздар кездесе қалып, бір-бірімен қайым айтысқа түсіп жатады. Бір-бірімен күй тартысқа түсіп жатады. Ән жарысқа түсіп жатады, осы бір өнерлер халыққа сахнада тарту етіледі.
Ұлттық өнердің тынысын ашып, түрлендірген кеште есімі елге таныс өнер қайраткерлері ән-жырдан шашу шашты. Жанғали Жүзбай, Құмарбек Қалқатай, Ардақ Балажанова, Елмұра Жаңаберген мен Айгүл Елшібаева сынды сахна саңлақтарын халық асыға күткені анық.
Жанғали Жүзбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші:
- Өнер жәрмеңкесінің замануи түрі қойлым ретінде көрерменге ұсынылып отыр. Екінші бірмаңызы бар: Қазір мына алмағайып заманда ата-бабамыздан қалған жыр, дастан, күй, өнер, біздің көне аспаптардыңғ әсіресе сыбызғышылық өнер, шаңқобызшылық өнер секілді үлкен өнерлер бар. Солардың түрлері бүгін жас өнерпаздардың бойынан табылады. Сондықтан бұл жай ғана концерт емес, үлкен бір маңызды мәдени оқиға деп санауымыз керек.
Ардақ Балажанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші:
- Біздің ұжым – «Халық қазынасы» . Сондықтан бұл жер қазақтың салт-дәстүрлерін насихаттап, өнердің барлығын келер ұрпаққа жеткізу – әр ұлттың мақсаты, арманы. Соның ішінде біздің де мақсатымыз сол деп ойлаймын.
«Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы ұйымдастырған думанды кешке «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі мен күні кеше тұсауы кесілген "Бірлік" ән-би ансамблінің ұжымы атсалысты. Ұлттық өнердің тұнығын лайламай, тұма қалпында сақтап жүрген өнерпаздарға көпшіліктің ықыласы ерекше.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Жандос Битабаров