Қазақ қолөнеріне не тежеу?

Түркістан – қолөнершілер қаласы. Шаһар ежелден Жібек жолы бойындағы ірі сауда мен мәдениет орталығы ретінде танылған.

Бірақ туристер тарихи жерлерден естелікке қай елдің бұйымдарын сатып алып жүр? Отандық шеберлердің қолынан шыққан дүниелерге сұраныс қалай? Қытай мен Қырғызстанның тауарлары қалайша көбейіп барады? Бұл мәселе облыстық қолөнер шеберлерінің басқосуында талқыланды. 

Жұпар Бейсенова – ұлттық нақышта түрлі бұйымдар жасайтын қолөнерші. Ұзақ жыл бойы көз майын тауысып, қазақы нақышты жаңғыртып, ұлттық өнердің ұрпақтан-ұрпаққа жетуіне үлес қосып келеді. Бірақ шебер жасаған дүниелерін өткізе алмайтынын айтады. Себебі нарықты сапасыз, арзан кәдесыйлар жаулап алған. «Ал дүкендер қолдан жасалған бұйымдарға екі есе баға қояды», – дейді.

Жұпар Бейсенова, қолөнер шебері:

- Біз енді сатушы емеспіз ғой. Біз өндіретін, жасаушы шеберміз. Дүкендерге апарсам, сатушылар одан бетер қымбаттатып жібереді де одан кейін ол өте бермейді. Ол шеберге өте тиімсіз, себебі біз үнемі ізденіс үстіндеміз ғой. Жұмыс істеуіміз керек, тоқтамауымыз керек. Біз осы еңбегімізбен бала-шағамызды бағып отырмыз. Шындап келген кезде дүкендерге бергіміз де келмейді.

Ал Ислам Сталинбек ағаштан домбыра, қобыз секілді саз аспаптарын жасайды. Тапсырыс болса, бесік пен ер-тұрман да шабады. Арасында қолөнер мектебінде оқушыларға ата кәсіпті үйретуге де уақыт табады.

Ислам Сталинбек, ағаш шебері:

- Біздің мынау жасап жатқан бұйымдарымызды ары қарай өткізуде үлкен проблемалар бар. Өйткені сырттан келіп жатқан қолөнер бұйымдары болсын, Қырғызстан мен Қытай елінен, Өзбекстаннан келген бұйымдар болсын, олар арзан. Біздің істеп жатқанымыз қолөнер болғандықтан оны біз өзіміз дәріптеп, бағаламасақ, сырттан келіп ешкім бағаламайды. Өзіміздің төл өнерімізді дамыту үшін өз қолөнерімізге қолдау керек.

Облыстың қолөнер шеберлері бас қосқан жиында саланың өзекті мәселелері қаралды. Түркістан қолөнер мектебінің ұжымы өз ғимараттары болмағасын әркімнің босағасында жүр. Енді бірі тігін машинасы жетпейтінін айтса, енді біріне қымбат құрылғы қажет.

Ботакөз Мәуленова, облыстық Туризм басқармасының бөлім басшысы: 

- Өзекті мәселелерді талқылау, былайша айтқанда бересми форматта бір-бірімен тәжірие алмасу. Олардың өз тараптарында болып жатқан мәселелерді шешу жолдарын бірлесе қарастыру мақсатында осылай аудан-қаладағы, Түркістан қаласындағы барлық қолөнершілерді барынша жинауға тырысып, сұрақ-жауап форматында болып жатыр.

 

Ұлттық өнер – туризмнің ажырамас бөлігі

Бұдан бөлек, жиында ұлттық өнерді туризммен ұштастыра дамыту жайы сөз болды. Бұл бағытта көрші елдердің тәжірибесіне сүйенген абзал, дейді жауаптылар. Себебі қазір қолөнер бұйымдарын жасап, оны сатуда көршілес қырғыз ағайын алда келеді. Оның басты себебі, «Бір ауыл – бір өнім» жобасының табысты жүзеге асуында. Сондықтан бізде де ауыл өнімін белгілі брендке айналдыру жоспарланған.

Ербол Әуелбеков, ОБЛЫСТЫҚ Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары: 

- Түркістан сияқты туризмге бейім қалаларға арнайы «Бір ауыл – бір өнім» арнайы дүкендерін ашатын боламыз. Бізде Қырғызстанға барғанда дүкендерде сатып алуға тартып тұрады өзі. Сатып, алып келдік. Өзінің тауы бар бір ауылда орналасқан сол таудың формасына сәйкес талқаннан тәттілер жасап отыр. Сыртындағы қорабына тау туралы мәліметтер жазып қойған. Ол туристке қызық қой. Мысалы жергілікті таудың тарихымен танысу.

 

Түркістанда қолөнершілер қалашығы салынады

Қазір Түркістанның мәдени-рухани орталығында қолөнершілер қалашығы салынып жатыр. Мақсат – туристерді тарту және өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту.  Туристік кешен 2 жарым гектар аумақты алмақ. Кешен пайдалануға берілсе, қолөнер шеберлері қалашыққа жайғасып, бұйымын сатуға мүмкіндік алады.

 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш