Түркі елдері Ясауи мұрасын бірлесе дәріптейді

Түркі елдері Қожа Ахмет Ясауи мұрасын бірлесе дәріптейді.

Астанада ұлы ойшылдың ілімін дәріптеуге арналған халықаралық конференция өтті. Оған Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Қазақстанның дін өкілдері, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Олар жиында ұсыныстарын айтып, пікір алмасты. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қожа Ахмет Ясауи мұрасының түркі жұрты үшін маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ Сенат Төрағасы ғұламаның есімін ұлықтап, оның адамзатты ізгілік пен мейірімділікке шақыратын еңбектерін жан-жақты зерделеуге Мемлекет басшысы үнемі баса мән беріп келе жатқанына тоқталды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Сенат Төрағасы:

- Ясауи ілімінің берері мол. Себебі Ясауи түркілік таным мен ислам қағидаларын шебер үйлестіре алған тұлға. Сондықтан Ясауидің ілімін бағдар етіп ұстану рухани бағдарымызға назар аудару баршамыз үшін маңызды екені сөзсіз.

Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ Бас мүфтиі:

- Біз осы бабамыздың керемет еңбегін елге кеңінен насихаттасақ, ізгі қоғамды құратын боламыз. Мемлекет басшысы Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда да Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың ілімін қоғамға кеңінен насихаттау жөнінде айтқан болатын.