Атырауда «Сарайшық және Еуразияның ортағасырлық әлемі» атты конференция өтті
Атырауда Жошы Ұлысының 800 жылдығына орай «Сарайшық және Еуразияның ортағасырлық әлемі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды 24kz.
Оған еліміздің 8 облысынан және Ресейден тарихшы, археолог ғалымдар қатысты. Былтыр Атырауда өткен ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Сарайшық тарихына баса назар аударған болатын. Осыған орай ғалымдар көне шаһардың тылсым тарихынан сыр шертетін жәдігерлерге жете мән бере бастады.
XIII-XVI ғасырларда Ұлы Жібек жолының батыс өңірдегі кіндік қаласы болған Сарайшық қаласының қазақ тарихындағы алар орны ерекше. Сондықтан ғалымдар оны 4 бағытқа бөліп қарастырған дұрыс дейді. Соңғы жылдары жүргізілген қазба жұмыстар көне қалашықтың тылсым сырына сәуле түсіргендей болды. Оның бір дәлелі «Хан моласы» атанған қорымнан табылған жәдігерлер.
Наталья Крупа, Мәдени мұраларды сақтау және қалпына келтіру жөніндегі халықаралық зертхананың меңгерушісі:
- Қорымнан шыққан мата жұрнағы «элиталық османдық текстиль» деп аталады. Екіншісі, ортағасырлық шаш бастыратын торлы бас киім, «византиялық сән үлгісі». Осыларға қарап бұл қорымда аса ірі тұлға жерленген деп айта аламын.
Қала орнынан табылып жатқан жәдігерлерге қарап, жалпы Еуразия кеңістігіндегі болған құбылыстарды байқауға болады. Сарайшықта тек сәулет өнерінің жауһарлары ғана емес, сол замандағы озық өркениеттің жұрнағы сақталған. «Оларды зерттеп, тарихи бағасын беретін кез келді», - дейді археолог ғалым Зейнолла Самашев
Зейнолла Самашев, ғалым-археолог:
- Бұл жердегі мәдени қабаттардан табылып жатқан жәдігерлерге қарап отырсаңыз, жалпы Еуразия кеңістігіндегі болған құбылыстарды зерделеуге мүмкіндік береді. Сонау Қытаймен қарым-қатынас, Жапония мемлекетімен қарым-қатынас, мына жақта Иран, басқа батыс-шығыс Еуропа мемлекеттерімен қарым-қатынастардың барлығын көрсететін жәдіргерлер табылып жатыр. Жақсы тың материалдар беретін бірден-бір бірегей ескерткіштер осы Сарайшық қалашығының орны.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Күні бүгінге дейін «Хан ордалы Сарайшық» қаласының орнынан табылған жәдігерлердің саны 6 мыңнан асыпты. Ендігі мақсат – осынау мол мұраны жас ұрпақтың санасына сіңіру, ол үшін мектеп оқулықтарына енгізу, сондай-ақ жоғарғы оқу орындарында кеңінен насихаттау керек. Бұл бүгінгі алқалы жиынның тобықтай түйіні болды.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин