Талдықорғанда Әли Алпысбаевтың «Елге арнау» І халықаралық байқауы қорытындыланды
Талдықорғанда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Әли Алпысбаевтың шығармашылығына арналған «Елге арнау» атты І халықаралық байқау қорытындыланды, деп хабарлайды 24kz.
Қазақстан композиторлар одағының 85 жылдығына арналған өнер бәйгесіне көршілес Қырғызстан, Өзбекстан және елдің әр аймағынан келген 30-дан аса өнерпаз қатысты. Олар Әли Алпысбаевтың екі туындысын орындап, өзара сынға түсті. Үш күнге жалғасқан бәсекеде «Жеке аспаптарға арналған шығарма», «Халық аспаптарының және эстрадалық оркестрдің сүйемелдеуімен ән салу» аталымдары бойынша үздіктер анықталды. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен қомақты сыйақы табысталды. Жас дарындарға жол ашатын байқау соңында Әли Демегенұлының қазақ мәдениеті мен руханиятына қосқан үлесі айтылды. Өнер иесіне композиторлар одағының 85 жылдық төсбелгісі тарту етілді. Мерекелік кеш көпшілікке арналған гала-концертке ұласты.
Мақсат Нұрланов, байқау жеңімпазы:
- Өте мықты әсер алдым. Өзім толғаулы, үлкен сахнаға шығу деген үлкен мәртебе. Сондықтан Жетісу облысына рахмет осындай конкурс ұйымдастырып жатқанына.
Әли Алпысбаев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
- Біздің жастар талантты. Өздерінің өнерін көрсетіп, көрермендерді таңқалдырды. Сондықтан өзім ризамын.