Ақтауда республикалық суретшілер симпозиумы басталды

Ақтауда республикалық суретшілер симпозиумы басталды

Ақтауда жазушы Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдығы аясында «Әбіш әлемі – суретшілер көзімен» атты республикалық суретшілер симпозиумы басталды, деп хабарлайды 24kz.

Заңғар жазушының мол мәдени мұрасын қоғамға насихаттауды көздейтін іс-шара 11 қазанға дейін жалғасады. Оған Астана, Алматы, Қарағанды, Талдықорған және батыс өңірлерден келген суретшілер мен маңғыстаулық қылқалам шеберлері қатысуда. Олар Әбіш Кекілбайұлының кез келген кітабының желісі бойынша композициялық жұмыстарды орындайды. Қазақтың дарынды тұлғасы өмірге келген Маңғыстау ауданына барып, әсем табиғат аясын этюдқа бейнелейді. Суретшілердің үздік туындылары симпозиумның жабылу күні облыстық әмбебап кітапханада өтетін көрмеде көрермен назарына ұсынылмақ.

Бақытжан Құлбаев, Қазақстан суретшілер одағы филиалының төрағасы:

- Жиырмаға жуық суретші қатысып жатыр сол көрмеге. Олардың барлығы Әбіш Кекілбаев атамыздың шығармаларына байланысты жұмыстарды жасайды. Жұмыстың көлемі метр де сексен және метрге жиырма деген екі размердегі көлемде жұмыстарды жазады. Құдайға шүкір, қазір симпозиумдарымыз көп, суретшілердің ауқымы да жақсы. Осыдан екі жыл бұрын он шақты суретші жұмыс істеп жүрсе, қазір 35-40 жуық суретші шығармашылықпен айналысып, жаңадан бір серпінге келіп жатыр.