«Biken» II халықаралық театр фестивалі басталды
Талдықорғанда "Biken" екінші халықаралық театр фестивалі басталды.
Халық әртісі, КСРО және Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері Бикен Римова атындағы байқау осымен екінші рет ұйымдастырылды. Оған Қырғызстан, Түркия, Грузиядан және еліміздің әр өңірінен 8 театр ұжымы келді. Өнер додасының ашылу салтанатында Бикен апа түскен фильмдер топтамасы көрсетілді. «Ана бейнесінің алтын діңгегіне айналған» тұлға жайлы естеліктер айтылды. Қазақтың кино және театр өнерінде өшпес із қалдырған өнер иесінің өмір жолы, еселі еңбегі сөз болды. Енді өнерпаздар төрт күн бойы тағылымды әрі тәрбиелік мәні зор спектакльдерін сахналап, көпшілік назарына ұсынады. Қойылымдарды отандық және шетелдік сарапшылар бағалап, үздіктерін анықтайды.
Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның Халық әртісі:
- Бұл жолы театрдағы өз әріптестерімізді сынап-мінемей, керісінше айтатын тақырыбын ойнайтын рөлдерін актерлардың биіктігін, шеберлігін теориялық тұрғыда талдау үшін келіп отырмыз. Халықаралық деңгейдегі фестиваль өтіп отырғаны театр фестивалі бұл біздің ұлтымыздың мәдениетін, өресінің биіктігін көрсетеді.