Талдықорғанда Ә. Қастеевке ескерткіш ашылды

Талдықорғанда қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушы Әбілхан Қастеевтің ескерткіші ашылды.

Қола мүсін қылқалам шеберінің 120 жылдығына орай орнатылды. Мерейтойға орай «Тұғыры биік тау тұлға» тақырыбында конференция өтіп, экспозициялық көрме ұсынылды.

Төрт метрлік тұрғылы мүсін көркемсурет галереясының алдына орнатылды. Қылқалам шеберінің жұмыс барысындағы бейнесін Ринат Әбенов пен Ербол Зиябеков мүсіндеген. Идея авторы Мырзатай Жолдасбеков. Еңселі ескерткіш демеушілердің қаражатына салынды. 

Гүлдәрия Қастеева, Ә. Қастеевтің қызы:

- Әкем тірі болып келгендей болып тұр ғой. Сондай керемет салған. Мүсіншілерге көп көп рахмет. Түрі де айнымайды әкемізден. Отырысы да айнымайды әкемізден. Мен ризамын. Халыққа көп-көп рақмет. 

Әбілхан Қастеевтің 4 мыңнан астам картинасы бар. Сан түрлі тақырыпты қамтыған көркем туындыда халқымыздың тарихы, салт-дәстүрі, бітім болмысы көрініс тапқан. Туған жердің табиғаты да асқан шеберлікпен әрі дәлдікпен салынды. Қазақ бейнелеу өнерінің қайнар бастауында тұрған тұлғаның еңбегі өз заманында-ақ жоғары бағаланған. 

Бексұлтан Нұржеке, Қазақстанның халық жазушысы:

- Ахмет Байтұрсыновтың сөзі бар. Ұлттық ерекшелігі жоқ өнер өнер емес. Бұл Құлыловтың салған суреттерін Қастеевке, Қожықовқа көрсетіп алып барып шығару керек деген. Ұлт ұстазы деген Ахмет Байтұрсыновтың бағасына ие болу деген сөз, сол кезде-ақ біздің ағамыздың даңғыл сара жолы басталғанын көрсетеді. 

Ұлы суретші Біржан сал, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев сияқтыф ұлт перзенттерінің портретін салды. Әсіресе, елінің азаттығы  үшін күрескен Амангелді Иманов пен Кенесары ханды бейнелеу арқылы халқына қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен. 

Өмірбек Жұбаниязов, ҚР Суретшілер одағының төрағасы:

- Өзіме ерекше қабылдайтын еңбегі Кенесары батыр деген 1935 жылы жазған жұмысы. Себебі ол кезде кеңес одағының коммунистік партияның қылышынан қан тамып тұрған кезеңде ол кісінің мұндай шығарма жазуы ерекше ерлік, азаматтық деп ойлаймын. 

Мерейтойға орай Әбілхан Қастеев жайлы жазылған «Өмір мектебі» кітабы басылды. Ұлы суретшінің есімі берілген Жаркенттегі көркемсурет галлереясы күрделі жөндеуден өткізілді. Алдағы күндері өнер қайраткерінің кіндік қаны тамған Шежінде «Күз бейнесі» тақыбырында кәсіби суретшілердің плэнері ұйымдастырылады.

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов