Париждегі Қазақстанның мәдениет күндері қазақ киносының фестивалімен басталды
Париждегі Қазақстанның мәдениет күндері Қазақ киносының фестивалімен басталды.
Онда танымал режиссер Дәрежан Өмірбаевтың фильмдері көрсетіледі.
Кез келген режиссердің арманы Францияның Синематека залында көрермен жинау. Ол кинотеатр ғана емес, сондай-ақ әлемдегі ең үлкен киномұрағат әрі мұражай. Дәрежан Өмірбаевтың есімі осы залдағы орындықтың біріне жазылады.
Дәрежан Өмірбаев, режиссер:
- Киноның отаны ғой Франция деген. Содан кейін сол елдің негізгі бір киноға байланысты жері ғой бұл тұрған жеріміз - Синематека. Сондықтан бұл жерде ретроспективаны көрсету деген әрине білетін адамдар түсінеді өте маңызды залдардың біреуі ғой. Әрине бұл үлкен мәртебе.
Дәрежан Өмірбаевтың фильмдері Францияға үлкен прокатқа шыққан. Канн кинофестивалінің сыйлығын алған. Киносыншы Жан-Люк Годар қазақ режиссерінің шығармашылығына жоғары баға берді.
Бернар Бенольель, француз синематекасының арт-директоры:
"Францияда оның шығармашылығын жақсы көреді, фильмдерін іздеп жүріп көреді. "Қайрат", "Кардиограмма" прокатқа шыққанда, олар туралы біздің ақпарат құралдары жарыса жазды. Оның фильмдері сүйіспеншілікке толы."
Евгения Звонкина, кинотану профессоры:
- Француз Синематекасы – кинематография шежіресі. Мұндай жерде көзге ілігу - режиссердің мықтылығын мойындау деген сөз. Синематека бағдарламасын бәрі көреді.
Андре Иванов, Франциядағы қазақ киносы қауымдастығының президенті:
"Қазақстанның кино саласында үлкен оңды өзгерістер болып жатыр. Жақсы, қызықты фильмдер көптеп түсіріліп, әртүрлі фестивальдерде олжа салуда. Франциядағы біздің фестиваль өте жинақы әрі ұтымды іс-шара болып тұр."
Алдағы аптада Париж көрермендері Дәрежан Өмірбаевтың барлық фильмдерін көреді. Бұдан бөлек, конференциялар мен пікірталастар өтеді.
Ернат Рахметолла, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан