Пусан кинофестивалінде қазақстандық деректі фильмнің тұсаукесері өтті
Қазақстандық деректі фильм Азиядағы ең ірі Пусан халықаралық кинофестивалінде алғаш рет көрсетілді, деп хабарлайды 24kz.
Оңтүстік Кореяда режиссер Алина Мустафинаның «Оның әкесіне, менің арғы атама, оның арғы атасына арналған пірәніктер» атты туындының әлемдік премьерасы өтті. Фильмде қазақстандық бір отбасындағы әйелдердің Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан аталарының қабіріне Польшаға сапар шегуі туралы баяндалады. Фильм 2022 жылы түсіріліп басталған. Алина Мустафинаның айтуынша, ол әжесінің өз әкесінің қабіріне баруды армандағаны туралы ескі газеттегі жазбасын көріп, сол туралы деректі фильм түсіруге бел буған. Картина пусандық көрермендерді терең толқытып, көрсетілім кезінде жұрт көз жасына ерік берді. Премьерадан кейін Алина Мустафина көрермендердің сұрақтарына жауап берді.
Алина Мустафина, режиссёр:
- Біздің оқиға әлемдегі барлық адамдарды толғандырады. Себебі ол аналар мен қыздардың қарым-қатынасы, соғыстар болмасын деген тілек жайлы. Өзіңді іздеу мен отбасы туралы. Ол басқа елдерде өмір сүрсе де, өз тірегін, өзегін жоғалтпай, Отанын сағынатын көшпенділер жайында.