Ақтөбеде Әйтеке бидің 380 жылдығы атап өтілді
Қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері, шешен Әйтеке би Бәйбекұлының туғанына 380 жыл. Осы айтулы датаға орай Ақтөбе облысының би есімі берілген ауданында салтанатты іс-шаралар өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Ал облыс орталығында «Қазақ елі: Әйтеке би кезіндегі ұлттық құндылықтар мен ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылды.
Көрнекті мемлекет қайраткерінің 380 жылдығына арналған іс-шаралар Әйтеке бидің ескерткішіне гүл қоюдан басталды. Би есімі қазақ халқының тарихына алтын әріптермен жазылған. Кіші жүздің атақты биі, Тәуке ханның кеңесшісі Әйтеке би Бәйбекұлы қазақ рулары мен қауымдарын біріктіруді жақтады. Ол «Жеті жарғы» заңдар жинағын жасаушылардың бірі.
Гүлбану Ізбасарова, Қ.Жұбанов атындағы АӨУ Тарих және дінтану кафедрасының меңгерушісі:
- Біздің конференция кіші жүздің атақты биі – Әйтекеге арналып отыр. Негізгі бүгінгі күнгі докладымда мен бірнеше мәселеге тоқталамын, соның ішінде би сөзі мен бек сөзінің арасындағы ұқсастық, түркі дәуіріндегі би сөзінің, бек сөзінің арасындағы байланысты, одан кейінгі қазақ тұлғалары, мысалға Шоқан Уәлихановтың, Абай Құнанбаевтың бұл сөзге берген мағынасы туралы.
Көптеген жылын Әйтеке бидің өмірі мен қызметін зерттеуге арнаған ғалымдар конференцияда пікір алмасты. Әскери қайраткер және шешен мемлекеттік істерді шешуде хан кеңесінде маңызды рөл атқарды. Ол басқа елдермен дипломатиялық байланыс орнатуға үлкен мән берді.
Айшуақ Дәрменұлы, тарихшы:
- Ол кісі кәдімгі іргелес, көршілес елдермен, түбі бір түркі жұртымен қарым-қатынаста да үлкен рөл атқарған адам. Сондықтан Әйтеке бабамыздың айшықты сөзі, айтылған керемет ойлары қашанда ол мәнін, мағынасын жоймайды. Оны біз қашан да заманына қарай пайдаланып, ылғи насихаттап отыруымыз керек.
Атаулы күнге орайластырылған іс-шаралар белгілі қоғам қайраткерінің есімімен аталатын ауданда да өтуде. Қарабұтақ ауылында этноауыл тігілді, мұнда жыр мүшәйрасы, сондай-ақ тұрғындардың қатысуымен ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.
Авторлары: Достық Талғатұлы, Айнадин Молдабеков