Әуесқой палеонтолог жүз миллион жыл бұрынғы жануарлардың сүйегін жинап жүр

Ақтаулық Евгения Лукьянченко 100 миллион жыл бұрын Маңғыстауда өмір сүрген жануарлардың қаңқа қалдықтарын жинап жүр.

Әуесқой палеонтологтың топтамасында плезиозавр, ежелгі акула тісі, теңіз тасбақасының және кірпінің сүйегі бар.

- Допустим, это аммонит нижний мель, возрастом 145 миллионов лет. Он из моей коллекции пока найденный целостью самый большой... 

Бұрын Каспий теңізінің орнында Тетис мұхиты болған. Сол кезеңде басаяқты қатты қаңқалы алып моллюскілер мекендеген. Динозаврлармен бірге жойылып кеткен аммониттер қазір Маңғыстау даласында жиі кездеседі. Бірі Евгения Лукьянченконың топтамасында сақтаулы. Әуесқой палеонтологтың жұмыс орнында ежелгі киттің бүтін омыртқасы, плезиозавр және мамонт тісі секілді жүзден астам жәдігер бар. 

Евгения Лукьянченко, әуесқой палеонтолог:

- Бес жыл бұрын шетелдік туристер Маңғыстау даласында ежелгі акуланың тістері бар екенін айтқан. Сол кезде жолдасым екеуміз палеонтология ғылымына ден қойдық. Демалыс күндері аймақтың таулы-тасты жерлерін аралап, қазба жұмыстарын жүргіздік. Қазір тапқан олжамыз аз емес. Жәдігерлерді тазалау, сақтау жолдарын интернеттен қарап, өзіміз сияқты әуесқой палеонтологтардан үйреніп алдық. 

Евгенияның ерекше хоббиі жұбайын да қызықтырған. Максим әйеліне қолдау білдіріп, қазба жұмыстары кезінде жәдігерлерді арнайы ерітіндімен өңдеп, сақтап, арнайы кабинет те жасап берген. Таулы-тасты жерде жол талғамайтын көлік алып берген. Осылайша палеонтология әлемін бірге зерттеп, Маңғыстау алқабынан таңғажайып көне жәдігерлер тауып жүр. 

Максим Лукьянченко, қала тұрғыны:

- Жұбайыма қолдау білдіріп отырамын. Мамандығым құрылысшы. Қолым босай қалса,  Евгениямен ежелгі жануарлардың тісі мен қаңқасын іздеуге шығамыз. Әр сапарға тыңғылықты дайындаламыз. Карталарды қараймыз. Бізге дейін Маңғыстау жерін шарлап, құнды жәдігерлер тапқандармен ақылдасып, жолдың бағытын сұраймыз. Бірнеше тәулік далада түнеген кездеріміз де болған. 

Евгения ихтиозавр немесе ежелгі бауырмен жорғалаушының қаңқасын табуды армандайды. Қазір оның коллекциясында дельфиннің жақ тісі, ірілі-ұсақты шаяндардың қаңқа қалдықтары бар. Барит, септария сияқты минералдар да сақталған. Жалпы Маңғыстауға келген туристер үшін палеонтологиялық саяхат турлары бар. Жәдігерлерді өзімен бірге алып кетуге болмайды. Тек тамашалап, фото-видеоға түсіруге рұқсат деген шарттары бар.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев