Пусан кинофестивалінде қазақстандық фильмдер жоғары бағаланды
Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен халықаралық кинофестивалде көрермен қазақстандық фильмдерді жылы қабылдады.
Биыл ауқымды іс-шараға 63 ел қатысып, 224 кино көрсетілді. Әлемдік туындыларды 145 мың адам тамашалады. Киносүйер қауым қазақстандық фильмдерді жоғары бағалады.
Владислав Цой, тілші:
- Қазақстандық фильмдердің барлығы Пусанның ең ірі кинотеатрларында 3 реттен көрсетілді. Оған келген көрермендер көп болмаса да Пусан кинофестивалінің байқау бағдарламасына қатысуының өзі фильмінің Азиядағы ең үздік кинотуынды ретінде танылғанын білдіреді.
Қазақстандық режиссер Елзат Ескендір Пусан кинофестивалінің қызыл кілемімен осымен екінші рет жүріп өтіп отыр. Осыдан 8 жыл бұрын ол «Өліара» деп аталған қысқаметражды фильмі үшін бас жүлдеге ие болған еді.
Биыл Елзаттың Пусанда «Авель» атты картинасының әлемдік премьерасы болды. Онда Совет одағы құлағаннан кейінгі ауылдағы жекешелендірудің қиын жылдары туралы баяндалады. «Жаңа толқындар» байқау бағдарламасында бұл фильм үздік үштіктің қатарына кірді. Ал оның барлық көрсетілімінде бос орын болған жоқ. «Авельдің» продюсері, белгілі журналист Ерлан Бекхожиннің айтуынша, картинаны сыншылар мен көрермендер жақсы қабылдады, себебі ол оларға түсінікті әрі жақын болды.
Ерлан Бекхожин, продюсер:
- Бұл – біздің еліміздің тарихы, 90-шы жылдардағы жекешелендіру туралы фильм. Бұл ұлтымыз үшін аса маңызды болған шопан кәсібінің қалай жойылғаны және басқа да мәселелер туралы картина. Жалпы, фильм - елдегі аласапыран мен сол кездегі адамдардың тұрмыс-тіршілігі туралы философиялық ой толғау.
Елзат Ескендір, режиссёр:
- Біздің тіліміз мәдениетіміз ерекшелік өзгешелік басқа болғанымен бірақ адамдардың адамзаттың кейбір ортақ тағдырлары бар тарихи. Оларда бар былай айтқанда жан дүниесінде қазір кейбір мазалайтын сұрақтар бізді де мазалайды. Және бізді мазалайтын сұрақтар оларды да мазалайды екен. Маған сол өте қызық болды.
Режиссер Фархат Шарипов Пусан кинофестиваліне өзінің бесінші фильмін алып келді. Биыл ол Оңтүстік Кореяда «Солдат любви» деп аталған алғашқы мюзиклін көрсетті.
Туындыда «А-Студио» тобының әндері орындалады. Қазақстандық прокатта бұл картина «Стоп ночь» деп аталады. Режиссер бұл екі фильмнің мүлде өзгеше екенін атап өтті. Фархат Шариповтың айтуынша, мюзиклмен жұмыс істеу өте қиын болды, бірақ одан көп тәжірибе жинағанын айтады.
Фархат Шарипов, режиссёр:
- Бірінші рет болған соң қалай түсіріп, толтыру керектігін көп ойландым. Содан кейін хореографиялық, музыкалық жағын әзірледік. Басты рольдерді ойнаған актерлерімізге ерекше алғысымды бідіргім келеді. Көп қиындықтарға қарамастан жақсы дайындалып, бәрін тамаша орындап шықты.
Хон Мин Гук, Пусан қаласының тұрғыны:
- Маған ең қатты ұнағаны – безендірулер арасынан қиял-ғажайып көріністердің пайда болуы. Бұл мюзикл болғандықтан би мен музыкаға толы болып, қатты әсер етті.
Пусан кинофестивалі аясында өткен конкурстардың бірінде қазақстандық «1286» сериалы «Үздік азиялық контент» номинациясы бойынша жүлдеге ие болды. Көрермендерге, сондай-ақ, Қазақстаннан келген режиссер Алина Мустафинаның «Оның әкесіне, менің арғы атама, оның арғы атасына арналған пірәніктер» алғашқы деректі фильмі қатты ұнады. Келесі жылы Пусан халықаралық кинофестивалі өзінің 30 жылдығын атап өтеді. Оған дайындық пен Азияның үздік кино туындыларын іріктеу басталып кетті.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян