«Абай» операсы Мәскеудің Үлкен театр сахнасында қойылды

«Астана Опера» Мәскеудің Үлкен театрында «Абай» операсын сахналады.

Қойылым шетелдердің үздік операларының басын қосқан «Музыканы көру» халықаралық фестивалі аясында өтті.

Гастрольдік сапар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің және Үлкен театр әкімшілігінің қолдауымен жүзеге асты. Операны Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева,  Ресей Федерациясы Президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Михаил Швыдкой мен дипломаттар, ресейдің өнер қайраткерлері тамашалады.

«Абай» операсы 70 жылдан астам уақыт бұрын жазылған. Алғаш рет 1944 жылы Қазақ ұлттық опера және балет театрының сахнасында қойылды. Әлемнің ең танымал театрларында көрермен көзайымына айналды. Мәскеуде «Абай» операсы алғаш рет 1958 жылы Қазағөнері мен әдебиетінің оңкүндігі аясында сахналанды. Ал бүгінгі Үлкен театр көрермені «Абай» операсын алғаш рет тамашалап отыр.

Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсы – тек махаббат, жақсы мен жаманның күресін бейнелеген қойылым ғана емес, қазақтың жан дүниесінің тереңдігін көрсететін, көшпелі өмірдің салты мен философиясын насихаттайтын бірегей туынды. 

Мейір Байнеш, «Астана Опера» театры опера труппасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

- Үлкен театрдың тарихы 200 жылдан астам. Енді біз үшін өте маңызды шара. Себебі біз оқу бастағаннан бері Үлкен театрын әлемдік театрлардың бірі деп есептейміз. Сол себептен қобалжу болады, оның артынан көптеген сыншылар болады, өнер майталмандары көп шоғырланған қала.

Джанкарло Дель Монако,  «Абай» операсының қоюшы режиссері:

- «Абай» қойылымы орыс, италья немесе басқа елдердің операсына мүлдем ұқсамайды. Олардан ерекше, біртуар туынды. Дегенмен, қазақ музыкасы еуропалық және ресейлік музыкалық дәстүрге жақын. Мен үшін қазақ тілінде опера қою қиын болғанымен, бұл өте құнды тәжірибе деп санаймын.

Спектакльді Ресейдің танымал өнер қайраткерлері тамашалады. Олар «Астана Операның» қойылымы мәскеулік көрермен үшін ерекше тарту болғанын атап өтті.

Анна Конрад, театр сыншысы:

-  Биыл естіген опералардың ішінен ең әдемісі осы болды. Таңғажайып әуен. Салтанат Ахметованың дауысын есту де бір қуаныш. Опера тамаша сахналанған, сюжеті де қызықты. Абай поэзиясы да жанды тербетеді.

Николь Секулич, театр зерттеушісі:

- Көрермен көңілін дөп басқан қойылым дер едім. Керемет әсерлі туынды.

Николай Кузнецов, П.И. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының профессоры

- Бұл опера қазақ тілінде шырқалды. Бұл біз үшін ең маңызды, керемет спектакль. Біз Абай лирикасын аударма арқылы жақсы білеміз әрі жоғары бағалаймыз.

Қойылым қалың көрерменнің көңілінен шығып, лық толы зал қазақ өнеріне деген шынайы ықыласты көрсетті. Кеш соңындағы мәскеуліктердің құрмет-қошеметінен ақ  «Абай» операсы екі ел арасындағы мәдени байланыстың маңызды рөлін тағы бір мәрте дәлелдей түсті.