Өскеменде өлкетанушы тарихи ғимараттар картасын жасап шықты

Өскемен қаласының тұрғыны Артем Смирнов өңірдегі көне ғимараттар мен ерекше құрылыс нысандарын зерттеп жүр.

Өлкентанушы қала құрылысына қатысты жергілікті мұрағатта сақталған құжаттарды сараптап, тарихи ғимараттардың картасын жасап шыққан. Олардың арасында өткен ғасырдың 40-ыншы жылдары Германия мен Финляндиядан әкелінген конструкторлық үйлер де бар. Қазір Артем жиған-терген дүниелерін көпшілік назарына ұсынып, кітапханаларда тақырыптық көрмелер ұйымдастырады.

Шатыры ашық түсті тақтайшалармен жабылған мына үйлер 1949 жылы Германия мен Финляндиядан әкелінген. Құрастырмалы үйлерде сол кездері су электр станциясы мен зауыт құрылысшылары тұрғанын бүгінде тұрғындардың көбі білмейді. Ең қызығы арада ғасырға жуық уақыт өтсе де бүлінбеген. Тіпті шатырының тақтайшаларына зауытта соғылған таңбалары да қаз қалпында сақталған. Өңірде мұндай құрылыс нысандарының саны 500 ден асады. Артем Смирнов таулы өңірде орналасқан ерекше үйлердің картасын ерінбей велосипедпен аралап жүріп жасаған. 

Артём Смирнов, өлкетанушы, балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкері:

- Кезінде таулы аймақта уақытша тұруға салынған ғимараттардың беріктігі мені таңғалдырады. Дегенмен, әр ғимараттың тарихын таныстыру үшін нақты дәлелдер қажет. Сондықтан жеке-жеке суретке түсіріп, бейнекамераға жазып аламын. Ол болашақта түрлі фильмдер жасауға қажет болады. 

Артем қаланың шетінде орналасқан ескі ауданды түгел аралап шыққан. Ескі үйлердің орнында қалған құрылыс материалдарының үлгісін жинап, мұрағатта сақталған деректермен салыстырады. 

Артём Смирнов, өлкетанушы, балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкері:

- Мынау Германиядан әкелінген бір үйдің құжаттары. Мұнда шет елден жеткізілген тұрғын үйдің қашан қолданысқа берілгені туралы нақты жазылған.

Артем зерттеу жұмыстарының нәтижесін балалар мен жасөпірімдер кітапханасының оқырмандарына фото көрме форматында ұсынып тұрады. Өлкетану саласына қатысты дүниелерді әріптестерімен де жиі талқылайды. Педагогтардың біліктілігін арттыру орталығының қызметкері Әсия Қасенова «мұндай тақырыптық көрмелер өлкетану сабағы бойынша бағдарлама жасауға таптырмас көмек» дейді. 

Әсия Қасенова, педагогтар біліктілігін арттыру орталығының қызметкері:

- Бүгін бізге берген ақпаратыңыз өте маңызды. Бұл мұғалімдерге, әсіресе бастауыш сыныптың ұстаздарына қажет. Төменгі сынып оқушыларына туған өлкесі, қаладағы шағын аудандар қашан құрылғаны жайлы кеңінен баяндауға мүмкіндік береді.  

Кез келген шығармашылық адамы сияқты Артем Смирнов та өз ісіне берілген маман. Мұғалімдіктен тапқан айлық жалақысын жинап қаладағы ерекше құрылыстар жайлы кітап шығарған. Болашақта ірі кәсіпорындар жанынан салынған жұмысшы ауылдардың қалыптасуы жайлы зерттеу жүргізуді жоспарлап жүр. 

Елдос Кәкенов,  Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин