Майндағы Франкфуртта Ә. Нұрпейісовтің 100 жылдығы аталып өтті
Майндағы Франкфуртта Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай ғылыми-әдеби кеш өтті, деп хабарлайды 24KZ. Еліміздің Бас консулдығы ұйымдастырған іс-шараға жазушылар, ғалымдар, кітап және баспа саласының мамандары, «Отандастар қорының» өкілдері мен шетелдегі қазақ ұйымдарының мүшелері қатысты. Кеш аясында тараптар қазақ мәдениетінің шетелде дәріптелуі жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.
«Әдеби мұра: тамыры терең, ұшары биік». Осындай атпен Әбдіжәміл Нұрпейісовтың 100 жылдығына орай өткен ғылым-әдеби кеште қазақ әдебиеті алыбының шығармалары мен ондағы орамды ойлары сөз болды. Жиналған жұрт Қазақстан жазушыларының әлем әдебиетіне қосқан үлесіне тоқталып, шетелде жүрген отандастарымызға рухани азық екенін алға тартты.
Әсет Бейсенов, «Отандас» ұйымының жетекшісі:
- Әрине, бізге шетелде жүрген қазақтарға әр қазақ әдебиеті – бұл күш-жігер немесе оқу үшін бізге бір жақсы тәлім-тәрбие. Франкфуртта болған көрмеге келіп, Қазақстан жазушыларының қатысуы – біз үшін үлкен құрмет. Себебі бұл – біз үшін ғана емес, мемлекетіміздің абыройы.
Бас консулдық ұйымдастырған іс-шара аясында «Отандастар қоры» делегациясымен Франкфурттағы қазақтар да кездесіп, дөңгелек үстел үстінде ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады. Тек мәдени байланыстармен шектелмей, екі ел азаматтарына іскерлік көмек таныту бойынша тың идеялар айтылды.
Данияр Қадыров, «Отандастар қоры» КеАҚ президенті:
- Алдағы уақытта осы жердегі қазақ қандастарымыздың негізгі ұсыныстары – ол осы ұлттық дәстүрімізді, тілімізді, ділімізді сақтап қалу. Соған біз «Отандастар қоры» ретінде барлық күш-жігерімізді соған жұмсаймыз.
Әсет Бейсенов, «Отандас» ұйымының жетекшісі:
- Қазақстаннан Германия нарығына көшіп келемін немесе өзінің тауарын аударам деген кәсіпкерлер өте көп. Біздің білуімізше осы мемлекетке кіру жолындағы қиындықтар өте көп. Біз осы елде тұрғаннан кейін оның заңдарын, жақсы-жаман жақтарын білеміз. Олар кірмей тұрып, ақпараттық тұрғыда көмектеспекшіміз. Оның кіруін, нарыққа деген жолын жеңілдету үшін. Бұл, менің ойымша, кәсіпкерлерге жақсы бір көмек.
«Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», Еуропаның өзге де елдеріндегі қазақ ұйымдарының қоян-қолтық байланысын арттыру мәселесі де сөз болды. Әсіресе «кәрі құрлықтағы» қазақ балаларына жазғы лагерьлер ұйымдастырып, ұлттық құндылықтарды шет елдерде дәріптеу бойынша ұсыныстар жасалды.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Павел Рубан.