Жетісуда алтыннан жасалған әшекейлер табылды

Талдықорғанда сақ дәуіріне тиесілі алтын сырға мен әшекей бұйымдар табылды. Құнды дүниелер Дауылбайдағы патшалық қорымнан шыққан. Аталған аймақты зерттеу облыстық әкімдіктің қаржыландыруымен былтыр басталды. Ғалымдар 11 обаның біреуін қазып, оның тоналғанын анықтаған. Соған қарамастан алтын жалатылған асатаяқ табылды.

Ал биыл нөмірі бесінші обадан көне жәдігерлер қазып алынды. Анасы мен баласы жерленген бейіттің құрылымы ерекше. Адам қаңқасы 3,5 метр тереңдікке көміліп, үстіне тас қаланып, қарағаймен жабылған. «Күрделі конструкцияның тоналмау себебі де осы болса керек», – дейді ғалымдар. Енді алынған артефактілер жіті зерттелмек.

Хамит Айтқұл, археологиялық экспедиция жетекшісі:

- Шыққан дүниелер өте құнды. Оның ішінде сырғалар алтын, қоңыраушалар сопақша келген, және шашқа қадайтын қола түйрегіші бар, сонымен қатар бірнеше моншағы бар. Біз енді алдын ала болжам бойынша б.з.д. IV-V ғасырлар деп межелеп отырмыз. Оның анық уақытын зерттеу жұмыстары көрсетеді.

Ғалымжан Оспанов, Жетісу облысының тарихи-мәдени мұраларын қорғау орталығының директоры:

- Археологиялық зерттеулер бойынша конференция берейін деп жатырмыз. Сол конференцияда жаңағы табылған дүниелердің бәрін көрсетіп, сол дүниелердің бәрін облыстық Тынышбаев атындағы музейге тапсырсақ па деген жоспар бар.

 

«Гүлдер» ансамбліне 55 жыл

Қазақ өнерінде айшықты орны бар «Гүлдер» ансамблінің құрылғанына 55 жыл. Тарихы терең, тағылымы мол ұжым жаңа маусымын ашты. Елордадағы Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт сахнасында шығармашылық кешін өткізді. Әсем ән тыңдап, мың бұралған бишілердің өнерін тамашалауға келгендер көп. Жиылған қауымға атақты ансамблдің тартуы да аз емес. Сахна шеберлері патша көңіл көрерменге репертуарға енді ғана енген тың дүниелерін ұсынды. «Гүлдердің» жаңа құрамы 2022 жылы қайтадан жасақталды. Содан бері ел ішінде ғана емес, Германия, Түркия, Ресей секілді бірқатар елде көптің қошеметіне бөленіп келеді.

Анвара Садықова, «Гүлдер» ансамблінің бас балетмейстері:

- Аты аңызға айналған «Гүлдер» ансамблі дегенде, ең біріншіден, ол – үлкен жауапкершілік. Ол – мұраға айналған репертуарды сақтап қалу және жаңа туындыларды өмірге алып келу. Осы қазіргі заманауи тенденцияларға сай. Соған өздерінің күшін салып жатыр. Әрине, ол – гастрольдік сапарлар, ол – халықаралық байқаулар. Ол – осы сахнада керемет концерттік бағдарлама арқылы өз өнерін көрерменге жеткізу.

 

Ерлер арасындағы алғашқы кәсіби балет бишісі А. Бекбосыновтың туғанына 100 жыл

Ерлер арасында балет өнерін кәсіби деңгейде меңгерген алғашқы қазақ бишісі, Қазақстанның халық әртісі Алмас Бекбосыновтың туғанына 100 жыл. Айтулы датаға орай Ақтауда халықаралық бишілер фестивалі ұйымдастырылды. Оған отандық, сондай-ақ Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан секілді алыс-жақын елдерден 24 биші қатысты. Көп назарына алдымен сахна саңлағының өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ұсынылды. Лента қию рәсімі Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Талпақова мен дарын иесінің туысы Сара Бекбосынова берілді.

Мұнда Алмас Бекбосыновтың қасиетті өнердегі өткен ізін айқын көруге болады. Ол Абай атындағы опера және балет театрында қызмет етіп, негізгі партияларды орындаған. Великановтың «Қамбар-Назымында» Қамбар, Пунидің «Эсмеральдасында» Квазимодо, Асафьевтің «Бақшасарай фонтанында» Гирей образдарын аша білген. Ал қазақтың классикалық «Қыз Жібек», «Жалбыр», «Абай», «Біржан-Сара» операларындағы рөлдері арқылы ерекше би мәнері мен актерлік шеберлігі толысқан әртіс ретінде тарихқа енді.

Сара Бекбосынова, А. Бекбосыновтың туысы:

- Кіргеннен бастап енді эмоция деген керемет. Сондай жоғары деңгейде жасалған. Осындай Маңғыстау өңіріне келіп, көрме ұйымдастырып жатқандарыңызға рақмет. Халықаралық фестиваль жасап жатыр. Барлығы керемет. Өте қуаныштымыз. Ағамыз бір аунап, бүгін риза болып жатыр ғой.