Парижде суретші Раушан Мамбекованы еске алды
Парижде қазақ суретшісі Раушан Мамбекованы еске алуға арналған көрме өтті.
Қылқалам шеберінің туындылары Art Shopping галереясында қойылған. Игілікті іс-шараға Мәдени дипломатияның халықаралық қауымдастығы және марқұм суретшінің қызы Алуа Құсайынова мұрындық болды. Раушан Мамбекова артына бай мұра қалдырған талант. Ол әсіресе қазақ халық ертегілеріне жасаған иллюстрацияларымен кеңінен танылған. Сондай-ақ суретші Қазақстан мультипликациясының дамуына елеулі үлес қосты. 1995 жылы Францияда Халықаралық көрме-байқаудың алтын медалімен марапатталған. Раушан Мамбекованың еңбектері қазір Алматыдағы Қастеев музейінде және дүниежүзі бойынша жеке коллекцияларда сақтаулы.
Мария Ашмар, мәдени дипломатияның халықаралық қауымдастығының президенті:
"Ол тарихты, ертегілерді шебер бейнеледі. Оның еңбектері Қазақстанды танытты. Біз бейбітшілікті ту еткен қауымдастықпыз. Бейбітшілікті өнер мен мәдениеттен іздеуіміз керек. Раушан сияқты әлемдік деңгейдегі суретшіні насихаттау арқылы біз халықтар арасындағы мейірім-махаббатты дәріптейміз".
Майра Ысқақова, "Alem" қауымдастығының вице-президенті:
"Бұл көрменің Луврде өтіп жатқанына өте-мөте қуанштымын. Қастеев музейінде оның картиналарының сақталып қалғаны қандай жақсы болды. Менің ойымша, Раушанды Қазақстанда қатты бағаламайтын сияқты. Есімі мен еңбегі көп аталмайды".
Алматыда екінші халықаралық қуыршақ театрлар фестивалі басталды. Онда әлемнің әр түкпірінен келген 15 үздік театр ұжымы бақ сынайды. Қытай, Польша, Болгария, Чехия, Түркия, Грузия, Әзербайжан, Ресей, Башқұртстан және Өзбекстаннан 150-ден аса қуыршақ шебері жиылды. Басты мақсат - таза әрі таңғажайып өнердің көкжиегін кеңейтіп, театр ұжымдары арасындағы шығармашылық байланысты нығайту. Төрт күн бойы көрермен қызығы мол саламен жақын танысады. Фестиваль аясында ерекше қуыршақ кейіпкерлері бар қойылымдармен қатар, танымдық кездесулер, шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Тағылымды өнердің қарашаңырағы - Алматыдағы мемлекеттік қуыршақ театры да додаға қатысады. 90 жылға жуық тарихы бар өнер ордасы репертуарын көпшілік талғамына сай жаңғыртып жүр.
Еркін Жуасбек, театртанушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
- Қуыршақ театры да театр өнерінің үлкен бір бөлігі. Мұндағы қызық режиссерлік шешімдер, тамаша актерлік ойындар сахна өнерінің дамуына үлкен әсер етеді деп ойлаймын. Әрине, негізгі көрермені бала болғандықтан спектальдерде астарлы, тақырыбы терең және көрерменге соншалықты жақын.
Бақыт Тушаев, Алматы мемлекеттік қуыршақ театры директорының орынбасары:
- Әр мемлекет халықаралық деңгейге шыққаннан кейін өзінің үздік деген қойылын апарады. Бұл жерде ерекшелік сол тәжірибе алмасы бір-бірімен. Қай театр қалай дамып жатыр, жақсыдан үйрен де жирен дейді ғой.
Қытайдың Тяньцзинь қаласындағы "Алтын адам және Ұлы дала" көрмесін 230 мыңнан аса адам ташамалады. Онда Ұлттық музей қорындағы 185 экспонат көпшілік назарына ұсынылған. Экспонаттардың қай қайсы да халқымыздың материалдық және мәдени дамуынан хабар береді. Ерте темір дәуірінің артефактілері, Ұлы Жібек жолы бойындағы Қазақстанның ортағасырлық қалаларынан табылған жәдігерлер, сондай-ақ дәстүрлі зергерлік бұйымдар мен сәндік-қолданбалы өнер заттары қойылған. Бұл бірегей мұралар Қытай жерінде ақпанның 12-сіне дейін болады. Шетел азаматтарына қазақтың бай тарихына үңілуге мүмкіндік берген көрменің ашылуына еліміздің мәдениет және ақпарат министрлігі қолдау көрсетті.