Ордабасыда жаңа «Өнер» мектебі салынады

Түркістан облысының Ордабасы ауданында «Өнер» мектебі бой көтереді. Жаңа нысан Мемлекет басшысының заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру жөніндегі тапсырмасына орай арнайы қор есебінен салынады. Президент барлық қайтарылған қаражат Қазақстан халқының игілігіне жұмсалатынын айтқан болатын.

Темірлан ауылындағы мына музыка мектебі 1974 жылы салынған. Жарты ғасырлық тарихы бар білім ұясы әбден ескірген. Қабырғалары каркастан қаланған. 150 балаға арналған ғимарат санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына да сай келмейді.

Айгүл Әбутәліпова, өнер мектебінің директоры:

- Мектебіміз өте ескі, бөлмелеріміз тар. Қазір енді осы мектебімізге жаңа ғимарат салу мәселесі қолға алынып жатыр екен. Қатты қуанып жатырмыз. Балаларымыздың саны көбейеді. Ата-аналарымыз: «Неге мынадай өнердің түрлерін ашпайсыздар?», – дегенді айтады. Сыйымдылығына қарай біз әзірше осы мектепте қосымша білім берумен балаларды қамтып отырмыз.

Мұнда 400-ден астам бала өнердің 12 түрі бойынша білім алады. Арасында республикалық, халықаралық байқаулардың да жеңімпаздары бар. Соның бірі – Мерейлі Мәделі. Жас талант – Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен балалар байқауының жеңімпазы.

Мерейлі Мәделі, 5-сынып оқушысы:

- Менің ғана арманым емес, барлық оқушылардың арманы орындалғалы жатыр. Өйткені өнер мектебіне үлкен жаңа ғимарат салынғалы жатыр. Барлық балалардың арманы – сол ғимаратта оқып, білім алу.

Жергілікті билік жаңа «Өнер» мектебі салынатын орынды дайындап қойған. Демеушілер есебінен жоба әзірлеп, сараптаманың оң қорытындысын да алған. Жоба құны – 903 млн теңге.   

Олжас Болатхан, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары:

- Музыка мектебі 2 қабатты болады. Ол жерде керекті барлық музыкалық аспаптар, бөлмелер, 150 орындық АКТ залы болады. Заманауи, барлық жағдайы қарастырылған, қасында абаттандыру, автотұрақ – барлығы болады.

300 оқушыға арналған музыка мектебінің құрылысы 2025 жылдың қаңтар айында басталып, жыл соңында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.