Ә. Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай библиографиялық көрсеткіш жинағы жарық көрді

Ұлы отан соғысын өткеріп, қанды қырғыннан кейін әдебиет әлемінің төріне өрлеген Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай библиографиялық көрсеткіш жинағы жарық көрді, деп хабарлайды 24KZ. Туындыда қазақ халқына ауыр соққан қасіреттер туралы жазған толғауларының хронологиясы тоғыстырылған. Желтоқсан көтерілісіне қатысқан ұлт жастарын ақтау, экологиялық һәм тіл мәселесіне қатысты орамды ойларын ашық айтқан заңғар жазушы ғасыр сергелдеңі мен сүргіндерін кітап бетіне қаттап кеткен.

Сұрапыл соғыстан кейін туған ауылына оралмастан әскери жолқапшығындағы қолжазбаларын Алматыдағы Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин секілді қаламгерлерге көрсетуге асыққан Әбдіжәміл Нұрпейісов әдебиетке қадамын сүйікті жанрдан бастайды. Майдан даласындағы 12 беттік күнделігін толықтырып, «Курляндия» романын жазған Әбең 1947 жылы қабырғалы қаламгерге айналды. Классик жазушы «Қан мен тер» трилогиясы арқылы революциядан кейін күрт төмендеген қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін айқын суреттей білді. 20 рет өңделіп, 30 тілге аударылған күрделі шығарманың өмірден алынған 200-дей кейіпкері әдеби ортада қызу талқыланды. Ғаламдық мәселелерді толғау деңгейінде бейнелеген жазушының туындылары библиографиялық көрсеткіш жинағында топтастырылған.                     

Бақытгүл Снабаева, Ұлттық академиялық кітапханасының сектор жетекшісі:

- Бұл библиографиялық көрсеткіште біздің оқырмандарымыз жазушы туралы толық ақпарат алуға мүмкіндігі бар. Ол мақалалар газет-журнал бетінде жарияланған. Біз білеміз «Жұлдыз» журналының бас редакторы қызметін атқарған болатын. Сонымен қатар «Таңшолпан» журналы Әбдіжәміл Кәрімұлының ұсынысымен ашылған болатын. Осындай толық мағлұмат алу үшін, әрине, Әбдіжәміл Нұрпейісов залында мүмкіндік бар. Біздің оқырмандар тек қана кітапханаға келмей, сонымен қатар «Қазнеб» бағдарламасы арқылы электрондық нұсқалармен танысуға мүмкіндік бар.

Ұлттық кітапхана ұжымы сондай-ақ оқырмандар үшін көрме ұйымдастырып, теңізде туып, тұтас ұлттың тағдырын толғаған тұлғаның бай шығармашылығымен кең танысуға мүмкіндік жасап қойған. Теңіз демекші, Арал аңғарындағы ең биік нүкте саналатын Беларан төбеде қазақ әдебиетінің абызы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовке арналып ескерткіш белгі қойылған. Белгі маңына жазушының жамбасы тиген жерден топырақ жеткізілді. Енді бұл аумақ абаттандырылмақ.

Құдайберген Саржанов, мемлекет және қоғам қайраткері:

- Халықтың өтініші бойынша осы жерге аллея салынса. Шет жақтан келе ме? Қай жақтан болса да, Әбекеңді іздейтін адамдар әлі табылады. Әбекең әлі ізделеді. Сондықтан осы жерге үлкен мемориалды нысан салуға ұсыныс жасап жатырмыз. Бұл жерге Бозойдың халқы, Құланды, Ақбасты, Арал өңірінің барлық балалары келеді. Халық келеді. Міне Әбекеңді еске алу деген сол.

Әбдіғаппар Сламбаев, Ә. Нұрпейісовтің немере інісі:

- Кішкентай ғана Үшкөл деген мекенде жертөлелер болған. Бір француз жазушысы айтады: «Осындай кішкене ғана жертөледен шыққан адам қалай әлемдік деңгейге жеткеніне таңғаламын. Бұл бір құбылыс шығар», – деп жазады Арагон деген жазушы. Өзінің бүкіл шығармалары теңіз туралы жазған кісі. Бүкіл өмірі теңізбен байланысты болды. Сондықтан да «Қан мен тер» трилогиясы, «Курляндия», «Күткен күн», «Соңғы парыз» осы өңірдің ұрпақтарына ғана емес, бүкіл қазаққа керек шығармалар деп есептеймін. 

Ғасырға жуық ғұмырында зар заман жазушысы, шебер аудармашы, публицист, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде ұлт руханиятының жандануына өлшеусіз үлес қосқан Әбдіжәміл Нұрпейісовтың 100 жылдық мерейтойы алдағы қарашада республика көлемінде атап өтілмек.

Авторы: Қамбар Бекенов.