Шымкентте 4 мәдениет үйі ашылды

Республика күні қарсаңында Шымкентте 4 бірдей мәдениет үйі қолданысқа берілді. Әрқайсысы 90 орындық заманауи нысанда қосымша үйірмелер ашылып, балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасалды. Салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі қатысып, тұрғындарды құттықтады. Сондай-ақ мерекеге орай ұйымдастырылыған игі шаралардың куәсі болды.

Қала іргесіндегі Қайнарбұлақ, Көкбұлақ, Базарқақпа және Өтеміс тұрғын алаптарында жаңадан 2 қабатты мәдениет үйі ашылды. Мұнда көрермен залынан бөлек, кітапхана, оқу залы және түрлі үйірме қарастырылған. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков нысанның ашылу салтанатына қатысып, ел ішінде  өнерпаздардың көбеюіне тілектестік білдірді.

Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:

- Білекті емес, білімдінің заманы ғой қазір. Кітап көп оқыту керек. Жаңадан шығып жатқан заманауи робототехника деген сияқты содан орындар алу керек. Соған өздеріңіз ақылдарыңызды айтып, осы жерді жақсылыққа пайдаланыңыздар.

Жергілікті өнерпаздар мәдәниет үйінің ашылуына орай мерекелік бағдарлама әзірледі. Ән мен би, күмбірлеген күй салтанатты іс-шараның шырайын кіргізді.

Ермек Сандыбаев, Көкбұлақ тұрғын алабының тұрғыны:

- 1984 жылы салынған ескі ғимаратымыз бар еді. Халыққа ешқандай жағдай болмаған. Көгеріп, бәрі құлап, қирап жатқан жағдайлар болған. Құдайға шүкір, осы күнге де жеттік. Міне, жаңа ғимарат берді. 90 орындық.

 

Экопарк құрылысы басталды

Сонымен қатар мереке қарсаңында «Экопарктің» құрылысы басталды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 5 миллиард теңге инвестиция тартылып, 45 гектар болатын бұрынғы қоқыс палигонының орны өңдеуден өткізілді. Енді жасыл белдеу құрылатын болады.

Ринат Сейсенбаев, инвестор:

- Ғалымдарды, биологтарды осы жерге шақырып, Шымкент қаласында қандай ағаштар өседі, қандай ағаштар бейімделеді деген сияқты нәрселерді зерттеп жатырмыз.

 

Бейбіт күннің батырына құрмет көрсетілді

Бұл күні газ саласының қарапайым жұмысшысы да құрметке бөленді. Қала әкімі көміртегі тотығынан бір отбасын аман алып қалған Ермахан Манқараевты марапаттап, батылдығы мен кәсіби біліктілігіне алғыс білдірді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.