Алматылық жас скрипкашы халықаралық камералық музыка байқауына қатысады
Республикалық жас орындаушылар конкурсының жеңімпазы Олег Ярмолович 18 қараша күні Астанада өтетін халықаралық камералық музыка байқауына қатысады, деп хабарлайды 24KZ. Жарты ғасыр бойы қазақ өнеріне қызмет еткен Вячеслав Өзбеков атындағы конкурста бәсеке жоғары болмақ.
Алматы атынан сынға түсетін Олег сол сында топ жарсам дейді. 17 жастағы скрипкашы камералық триода өнер көрсетеді. Бала жастан скрипкаға әуестенген ол музыкалық қабілетін арттырып, шеберлігін шыңдап келеді. Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебінде оқиды. Бұған дейін де бірнеше республикалық өнер байқауына қатысып, жеңімпаз атанды.
Олег Ярмолович, К. Байсейітова атындағы музыка мектебінің оқушысы:
- Халықаралық аренаға шығып, танымал музыкант болуды армандаймын. Алда жоспар көп. Мақсатым – шебер орындаушы, кәсіби музыкант болу.