Қазақ режиссері атақты кореялық фильмге ремейк түсіре бастады
Елімізде танымал кореялық «Бәлеқорлар» фильмінің ремейкі түсіріліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Бұл – қазақстандық Tiger Films продюсерлік компаниясы мен кореялық Big Ocean компаниясының ортақ жобасы. «Жап-жас ата» деп аталатын толықметражды фильм үлкен экранға 2025 жылы шығады деп жоспарланып отыр.
Жаңа комедия – кореялық «Бәлеқорлар» фильмінің ремейкі. 2008 жылы жарыққа шыққан бұл картина – Кореядағы ең көп табыс әкелген фильмдердің бірі. 8 миллионнан астам көрермен тамашалаған кино көптеген фестивальдерде жоғары марапаттарға ие болды. «Комедияның қазақша нұсқасы да көптің көңілінен шығатынына сенімдіміз», – дейді фильмнің режиссері, Нью-Йорк киноакадемиясының түлегі Алена Алмаз.
Алёна Алмаз, режиссёр:
- «Жап-жас ата» фильмі күтпеген жерден әке әрі ата болған танымал радиожүргізуші жайында. Аяқасты бойдақтық өмірімен қоштасқан кейіпкерге жаңа жауапкершіліктерді мойнына алуға тура келеді. Отбасылық құндылықтарды дәріптейтін кореялық кино қазақстандық аудиторияға да бөтен болмайды деп ойлаймын.
Big Ocean – кино және медиа саласындағы ірі оңтүстіккореялық компания. 2020 жылы негізі қаланған компания 20-дан астам телехикая, бірнеше көркем фильм мен музыкалық альбомдар шығарған. Бұл картина – кореялық киноөндірушілердің Қазақстандағы алғашқы жобасы.
Ли Сун Джин, Big Оcean компаниясының бас директоры:
- Қазақстанда фильм түсіру туралы бұрыннан жоспарлап жүр едік. Tiger Films продюсерлік компаниясымен сәріктестікке қол қойдық. Компанияның «Парковщики» фильмін көрудің сәті түсті. Сіздердің актерлеріңіз өте талантты. Екіжақсы әріптестік жақсы нәтиже береді деп үміттенеміз.
Киноның түпнұсқадағы сценарийі қазақы қалжыңға бейімделіп өңделді. Фильмде басты рөлде танымал актер Олжас Тоғымбет ойнайды. Жаңа комедия 2025 жылдың қаңтар айында үлкен экранға шықпақ.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов.