«Сазген сазы» ансамблі Германияда өнер көрсетті

«Отаным – Қазақстанды сағындым!». «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің Германиядағы концертіне келген көрермендер осылай деп көзіне жас алды, деп хабарлайды 24kz.

Республика күніне арналған іс-шараны «Отандастар қоры», Майндағы Франкфурт қаласындағы еліміздің Бас консулдығы және Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырған. Мерекелік кешті шетелдегі жерлестеріміз, қандастар мен қатар еуропалық саясаткерлерде келіп тамашалады.

Халық әні «Дедімай-аудан» бастап, батыс классиктерінің ариялары шырқалды. Қос ішектен күмбірлеп Құрманғазының «Адайы» да, Моцарттың «Түрік маршы» да күй болып төгілді. Республика күніне орай өткен концертте «Сазген сазы» ансамбілінің Еуропадағы тыңдарманға дайындаған ән шашуы әлем елдерінде кезекпен кезек саяхаттап шыққандай әсерге бөледі. Тәжірибелі өнер ұжымы зор дайындықпен, айрықша мақсатпен келгені мерекелік кеште бірден байқалды.

Жеңіс Ержанов, «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің солисі:

- 100-ге жуық мемлекеттің шығармалары бар. Бірақ біз әр жаққа шыққан кезде сол мемлекеттің де шығармасын ала келетін өзімізде дәстүр бар. Оның ішінде айтатын болсақ, қазағымыздың көне дәстүрлі күй, ән өнері, оған қоса бүкіл әлемге әйгілі композиторлардың классикалық шығармалары да біздің ансамблдің репертуарында бар.

Таубалды Үмбетбаев, ҚР Майндағы Франкфурт қаласындағы бас консулы:

- Алтын көпір болғандықтан мынадай мәдени іс-шара ол кісілерге өте керек. Ол кісілер оны сағынады. Қазақтың музыкасы. Әрқайсының елге баруға мүмкіндіктері жоқ. Бірақ мына осы жерге келіп, халқымызды, дәстүрімізді көріп, оларға 10-20 жылға рухани азып беріп кетеді. Сондықтан мұндай іс-шаралар біз үшін өте қымбат.

Концертке Алманияның 14 қаласынан 300-ге жуық көрермен келді. Арасында Норвегия мен Чехиядан жеткен отандастарымыз да болды. Жиналған қауым әншілермен бірге әндетіп, Қазақстандағы кездерін еске алды. Сағыныштың көз жасы да төгілді. Талай жыл бұрын ата қонысына көшкен немістер де туған жерін аңсап, ерекше күйге бөленді.

Томас Гильд, көрермен:

- Туған жеріме деген сағынышым ерекше. Сонда өсіп-өндім ғой. 52 жасыма дейін Қазақстанда өмір сүрдім. Концертті тамашалап, көзіме жас келді. Отанымды сағындым.

Юлия Денцлингер, көрермен:

- Өнерпаздардың киімінен бастап, ойнау тәсілдеріне дейін қатты ұнаттым! Кәсіби дайындықтары әлемдік деңгейде! 

Йоханнес Денцлингер, Еуропарламент бөлімінің басшысы:

- Елдеріміздің арасындағы қарым-қатынас достық рәуіште жақсы дамып келе жатыр. Және соның алтын діңгегі ретінде мәдениетті атап өтер едім. Өзара мәдениетімізден хабар алып, бір-бірімізді жақын тани түскенде ғана, қалған салалар қарыштап дами бастайды.

Дипломатиялық қарым-қатынастардың беки түсуіне, отандастар арасындағы байланысты жандана беруіне ықпал еткен қазақ өнері әлі талай сахананы ән мен күйге бөлемек.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Павел Рубан