Алтын Орда кезеңіне қатысты тарихи-мәдени ескерткіштер көрмесі өтті
Елордада Алтын Орда кезеңіне жататын тарихи-мәдени ескерткіштер көрмесі өтті.
Мәдени шара Жошы ұлысының 800 жылдығына орай ұйымдастырылған. Көрмеге Алтын Орда кезеңіне жататын кесене кірпіштері, сол кезеңдегі тұлғалардың балауыз мүсіндері, Жошы хан кесенесінің құббасы, Сарайшық қаласынан табылған құмыралар мен ыдыс-аяқтар қойылған.Сондай-ақ, ортағасырлық бірегей монеталар, тарихи қолжазба көшірмелері мен Жошы ұлысының тарихына қатысты кітаптар көпшілік назарына ұсынылған. Мұндағы жәдігерлер елдің түкпір-түкпіріндегі табиғи қорық музейлерінен жиналған. Көрменің мақсаты Қазақстанды Алтын Орда империясының мұрагері және сол кезеңнің бай тарихи-мәдени мұрасын сақтаушы мемлекет ретінде көрсету дейді ұйымдастырушылар.
Әлібек Күзербаев, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының директоры:
- Біз Алтын Орда дегенде тек қана Алтын Орда кезеңіндегі әскери өнерді немесе жаугершілік саясатты ғана айтпауымыз керек. Сол кезеңдегі бай тарихи-мәдени мұраны да айтуымыз керек. Оның бірден бір мысалы сол кездегі біздің салған қалаларымыз. Сол қалаларда соғылған монеталар, сол кезде жасалған ыдыс-аяқтар, қолөнер бұйымдары. Сол кезде пайда болған ауыз әдебиеті. Осының барлығы Алтын Ордаға тиесілі. Алтын Орда былайша айтсақ, қазақ мәдениетінің бастауларының бірі деуге болады.