Өскеменде Қазақ елінің ортағасырлық картасы көрмеге қойылды
Өскеменде Республика күніне орай Қазақ мемлекеті белгіленген еуропалық және америкалық орта ғасыр картасы көрмеге қойылды, деп хабарлайды 24KZ. Бұл экспозицияға Мұхит-Ардагер Сыздықназаровтың ғылыми еңбектері енді. Атластарды XVI-XIX ғасырларда АҚШ, Бельгия, Франция, Италия және Германия картографтары жасаған.
Көрмеге келушілерге бірқатар тарихи құнды жәдігерлер көрсетілді. Картографиялық суреттердің арасында Ару Сұлтанның портреті мен өмірбаяны бар. 1540-1560 жылдар аралығында ол саяхатшы Энтони Дженкинсонмен бірге ағылшын патшайымы Елизаветаның құрметті қызметшісі болған.
Есенбол Бақтыбайұлы, ШҚО өнер музейі директорының орынбасары:
- Бұл карталар Мұхит-Ардагер Сыздықназаровтың 17 жыл бойы Америкада жүріп зерттеген карталарынан қойылған. Бұл Қазақ мемлекетінің тамыры – Тәуелсіздіктің алғашқы қайнар бастауы десек артық болмайды. Қазір біздің санамызда Қазақстанның шекарасы, территориясы көз алдымызда болғанымен, оның тарихы қайда болғаны, оның кеңдігі қаншалықты болғаны, кімдермен шекаралас, қай елдермен деңгейлес болғаны туралы үлкен, тың ақпарат десек артық болмайды.