«Шынжыр» жинағының тұсауы кесілді

Ақын Асантемір Қаршығаұлының «Шынжыр» кітабының тұсауы кесілді, деп хабарлайды 24KZ. Бұл – оның төртінші жыр жинағы. Бұған дейін «Өз аспанымның астындамын», «Тәңірге хат», «Шідерлі Шер» атты кітаптары жарық көрген.

Шынжыр кітабының тұсаукесер рәсіміне елге белгілі қаламгерлер қатысты. Олар жинақ авторының өлеңдеріне жоғары баға беріп, ақынның поэзия әлемінде өзіндік өрнегімен танылып үлгергенін атап өтті. Бұған дейін Асантемір Қаршығаұлы Астанадағы Қаламгерлер аллеясында жыр кешін өткізіп, Астанаға поэзияның жылы лебін сездірген еді. Ашық аспан астындағы алғашқы кешке өлеңсүйер қауым тарапынан қызығушылық жоғары болған.

Сұраған Рахметұлы, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:

- Асантемір Қаршыға деген ақын – осы ХХІ ғасырдағы ерекше бір толқындардың көш басында келе жатқан ақындардың бірі. Енді ақындықты әрқилы жағынан бағалауға болады. Бұл ақынның өлеңі бір өрімді. Біздің поэзияның атақтыларының бір шоғырына ұқсас. Сонымен қатар V-VI ғасырдағы үлкен жыраулардың жалғасы деп айтуға болады.

Рауан Сатыбалдиев, ақын, журналист:

- Біздің үлгі тұтатын жеріміз көп Асантемірдің поэзиясынан, жалпы өзінің өмірдегі ұстанымынан. Бұл кісіні өнердегі, шығармашылықтағы адам ретінде ғана емес, қарапайым ауылдан алшақтамаған, әлі күнге дейін ауылдың кіндігі үзілмеген ақын деп өзім мойындаймын. Себебі қай жерде жүрмесін, олар өзінің ізіндегі інілерін жинақтап, қашанда осындай үлкен орталарда бас қостырып, сондай адами қасиеттерін көрсетіп, бізге үлгі етіп жүреді. Енді біздер жеке басын құрметтейміз, үлгі тұтамыз, осындай болуға тырысамыз.