Биыл «Ұлттық кітап» байқауы өтеді
Биыл елде алғаш рет баспалар арасында «Ұлттық кітап» байқауы өтеді. Әдеби дода Ұлттық кітап күніне орайластырылған. Мақсат – қоғамда кітап оқу мәдениет қалыптастырып, қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосып жүрген үздік авторларды анықтау.
Жұмыстар келер жылдың 15 қаңтарынан бастап 1 сәуір аралығында қабылданады. Қаламгерлер кейінгі екі жылда жарық көрген туындыларын ұсынуы тиіс. Комикс, балаларға арналған әдебиет, мотивациялық кітап, детектив, сатира жанрындағы еңбек – бас-аяғы 10 жанр бойынша үздіктер іріктеледі. Байқаудың жүлде қоры – 4 млн теңге. Бұдан бөлек «Жыл кітабы» номинациясының жеңімпазына 5 млн теңге көлемінде қаржылай сый табысталады.
Қазақ кілемдерінің көрмесі
Ал елордада қазақ кілемдерінің көрмесі өтіп жатыр. Онда 50-ден астам ежелгі қолөнер жәдігерлері қойылған. Бірқатары белгілі шебер Сержан Бәшіровтің жеке коллекциясынан алынды. Сондай-ақ көрмеде гобелен жанрының хас шебері Әлібай Бапановтың 8 еңбегі жұрт назарына ұсынылды. Әлемдегі ең көне Пазырық кілемінің жаңғыртылған нұсқасы да осында. Бұл экспонаттардың дені – ХХ ғасырдың басы мен 60-шы жылдардың естелігі. Өзіндік тарихы мен тоқылу тәсілі бар. «Тіпті әр рудың ерекшеліктерін ескере отырып жасалған», – дейді ұйымдастырушылар. Көздің жауын алар сәндік-қолданбалы өнер туындыларын бұқараға таныстыру бастамасын «Шырақ» әлеуметтік жобасының авторы Сандуған Бейсенбекова қолға алды.
Сандуғаш Бейсенбекова, көрмені ұйымдастырушы:
- Басты мақсаты – асыл мұрамыз қазақ кілемдерін қайта жаңғырту. Өздеріңіз білесіздер, 90-шы жылдары Қытай және түркі импорты Қазақстанға келіп, өзіміздің кілемдер жоғалып кетті. 30 жыл бұрын тоқыған 30-40 жастағы келіншектер осы жылы 70-60-қа толып жатыр. Сол кісілер 30 жылдан бері тоқымаған. Ол кісілер кетсе, біздің материалдық емес мұрамыз жоғалып кетеді. Сол мақсатта біз Түркістанның түкпір-түкпіріне барып, апаларды тауып, бұрынғы технологиямен кілемдерді тоқытып жатырмыз.
Қазақ әндерінің халықаралық байқауы
Түркістанда Voice of Turan-2024 атты қазақ әндерінің халықаралық байқауы өтті. Бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылған додаға Азия мен Еуропа елдерінен 20-ға жуық өнерпаз қатысты. Олар екі күн бойы қазақ әндерін шырқап, төл мұрамызды дәріптеді. Ал үздіктерді танымал композитор Төлеген Мұхамеджанов бастаған өнер қайраткерлері анықтады. Нәтижесінде Армения әншісі Сюзанна Мелконян бас жүлдеге лайық деп танылды. Биылғы іс-шара ұлық мереке – Республика күніне орай өтуі оның салмағын арттыра түскендей. «Басты мақсат – ән арқылы төл музыкамызды әлемге паш етіп, қазақ авторларының шығармашылығын насихаттау», – дейді ұйымдастырушылар. Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанда тұсауы кесілген өнер сайысы аз уақытта әлемдік деңгейдегі ән мерекесіне айналды.
Күзгі каникулда қайда баруға болады?
Оқушылардың күзгі каникулы таяп қалды. Демалысты балалармен бірге қалай мәнді һәм мағыналы өткізуге болады деп ойланып жүрген ата-аналар назар аударыңыз. Бұл күндері елдің бірқатар мәдени орындарына кіру жеткіншектер үшін тегін. Солардың бірі – бас қаладағы басты руханият ордасы – Ұлттық музей. Дүйсенбіден басқа күндері таңғы сағат 10:00-ден кешкі 19:00-ге жұмыс істейді. Өткеннің өнегесін көздің қарашығындай сақтап отырған орында жас ұрпақтың танымын арттыратын дүние өте көп. Шамамен 220 мың экспонат сақтаулы. Олардың бірқатары көпшілік назарына ұсынылған. Сол секілді Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы, Қазақстанның орталық музейі жеткіншектерді асыға күтеді. Толық ақпарат Мәдениет және ақпарат министрлігінің сайтында жарияланған.