Татарстанда Абай Құнанбайұлының бюсті ашылды
Татарстан астанасында азақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткіш мүсіні ашылды, деп хабарлайды 24kz.
Іс-шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БРИКС мемлекет басшыларының XVI саммитіне қатысу үшін Қазан қаласына сапары аясында ұйымдастырылды.
Абайдың ескерткіш мүсінін салтанатты ашу рәсіміне екі елдің дипломаттары, саясаткерлер, жазушылар, сондай-ақ қала тұрғындары мен қазақ ұлттық-мәдени автономиясының өкілдері қатысты. Еліміздің мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева іс-шараны халықтар арасындағы достықтың, өзара түсіністік пен рухани туыстықтың үлгісі деп атады.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Бүгінгі іс-шараның БРИКС мемлекеттері ынтымақтастығы саммиті аясында өтіп жатқанының өзі ерекше сипат беріп тұр. Бұл екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайтып, тереңдете түсері сөзсіз. Біздің халықтар арасындағы өзара мәдени байланыс дамып, достығымыз нығая берсін.
Қола мүсіннің авторы – Қазақстанның Суретшілер одағының мүшесі Нұрбол Қалиев. «Ресейде қазақтың ұлы ақынына деген құрмет ерекше», - дейді Татарстанның Мәдениет министрі Ирада Аюпова.
Ирада Аюпова, Татарстан Республикасының Мәдениет министрі:
- Татар мәдениетінің ренессансын жасаған XX ғасырдағы ақындарымыз – ұлы Абайдың шәкірттері деуге болады. Бүгінгі іс-шара қазақ пен татар халықтарының рухани бірлігіне негізделген ұзақ жылдар бойғы жемісті іскерлік пен мәдени байланыстардың нәтижесі деп білеміз.
Абай бюсті Қазан қаласында Назарбаев пен Качалов көшелерінің қиылысында орнатылды. Дәл осы алаңға алты жыл бұрын Қазақстаннан тарту ретінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі тайқазанның көшірмесі – «Тайқазан» қола мүсіні қойылған болатын.
Альфия Юсупова, Каюм Насыри институтының директоры, ҚФУ түркология кафедрасының профессоры:
- Біз үшін Абай шығармашылығы өте жақын, мәдени мұрасын жоғары бағалаймыз. Қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер Абайға Қазанда ескерткіш орнату біз үшін үлкен құрмет. Бауырлас халықтардың достығы жасай берсін.
Ербол Қамшыбаев, хореограф, режиссер:
- Қуанышты күн ғой бізге, мейрам күні. Сондықтан отбасымызбен келдік. Ата-бабалары кім болды, соны көрсетіп. Бізге өте маңызды ғой. Абайдың қара сөздерін кішкентай жасымыздан оқып, балаларамызға айтып, енді олар Абайдың монументіне келетін болады.
Бауырлас халықтардың ынтымақтастығы жалғасуда. Қараша айының басында Татарстан астанасында Абай облысының мәдени күндері басталады.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров